Ұшақтар сонда қайда қонады? Орал әуежайы жөндеуге жабылады
Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы әуежай бірнеше күнге жөндеуге жабылады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы «Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады. Ондағылар жолаушыларға сапарларын алдын-ала жоспарлауға кеңес беріп отыр.
«Жөндеу уақытында, яғни 8 қазан күні сағат 02.00-ден 10 қазан сағат 05.00-ге дейінгі аралықта, сондай-ақ 12 қазанда 01.30-дан 17.00-ге дейін (резервтік күн) әуежайды жабу жоспарланған. Сол күндері ұшақтар қабылданбайды және ұшырылмайды. Бұл – әуе кемелерін пайдалану және жолаушыларға қызмет көрсету қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мәжбүрлі шара. Жоспарланған жөндеу мерзімі сол кездегі қолайлы ауа райын, сондай-ақ әуежайда ұшатын ұшақтар санының азаюын ескере отырып таңдалып, Оралға рейстерді орындайтын әуе компанияларымен келісілді. Жолаушылардан жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, сапарларын алдын ала жоспарлауды өтінеміз», - деп хабарлады ведомстводан.