Saturday, 5 October,2024

Халық ақыны Көпбай Әлімбетовтің 120 жылдығы аталып өтті

Uaqyt.info
Фото

Шымкентте белгілі жыршы, жырау Көпбай Әлімбетовтың 120-жылдық мерейтойына арналған «Көпбай ақын: жасын жыр, саф алтындай сөз иесі» атты мерейтойы аталып өтті. Жыр кешіне мәжіліс депутаттары, танымал ақындар мен жыраудың туыстары қатысты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Жалайыр тайпасының Қайшылы руының Алатау атасынан шыққан Қазақстанның халық ақыны, жыршы, жырау Көпбай Әлімбетов 1904 жылы қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданына қарасты Қызылкөпір ауылында орта шаруа отбасында дүниеге келеді. Шежіреге сүйенсек, ақынның аталары бұл жерге Іле өзенінің бойынан, Бақанас төңірегінен 1850-ші жылдары қоныс аударыпты.

Көпбайдың әкесі Әлімбет –  домбырашы, күй тартудың шебері, бірақ ән айтуға құлықсыз адам болған екен. Есесіне анасы Таугүлдің нағашылары шетінен суырыпсалма ақын, өткір сөзді болған деседі. Ел сөзіне қарағанда, нағашысы Дәрмен қартайған шағында Сыр бойынан тапқан осы келіншегінен Таусоғар деген ұл мен Таугүл деген қыз бала көреді. Таугүл дүниеге екі ұл, екі қыз әкеліп, үлкені Көпбай болған екен.

Жеті жасында-ақ домбыра тартудан алдына жан салмаған бала Көпбай ауыз әдебиетіне қызығады, әсіресе рулас, ауылдас болған Италмас Түнқатарұлының шығармашылығына ден қояды. Осы ақынның «Заһит ұры», «Шылым», «Мекер айым» дастандарын жаттап алып, жиындарда айтып жүреді. Өсе келе Майкөт Сандыбайұлының өлең-жырларын жаттап, айта бастайды. 14 жасқа келгенде ысты Әлтай, Шалбайдың, қарабатыр Жанайдың, күнту Сағымбектің жыр айту мәнерлерін алады.

Олардың ұстазы шоқай Нұралы Нысанбайұлының шәкірті атануды  армандаған бала  ақынға арнайы барып, шәкірттікке сұранады.  Тілегі қабыл болып, «Қымың», «Кесік бас», «Сауда ишан», «Әмір Тағай», «Шақшақ таз», «Құл-құла» дастандарын жаттайды, айтыс өнерін зерттейді, тұтымды жауап қайтаруды, қарсыласты ықтыру жолдарын үйренеді, суырып салуға машықтанады.

1926 жылдан бастап Көпбай ұстазының батасымен ақындық жолға түсіп, ел аралайды, түрлі жиындар мен тойлардың басты тұлғасына айналады. Ол осы кезде көптеген дастандарды нәшіне келтіріп айтатын, өз жанынан суырып салып айтуға төселген, халық алдына қорықпай шығатын шеберге айналып еді.

Қаратауды бөктерлеп, Арыс, Теріс өзендерін бойлай отырып, Әулиеатаға (Тараз) барады, дүниеден өткен атақты ақындар Балта, Құлмамбет, Майкөт, Қылышбай, Қуандық, Өзбек, Үсіпәлі, Мадиярлардың дұние-қазыналарымен танысады. Атақты әнші-сазгер Сауытбектен бата алады.

1928-1941 жылдары Өзбекстанның қазақтар тұратын барлық жерін аралап, қарақалпақтың Нөкіс, Шымбайларын да көреді. Соғыс басталған кезде еңбек армиясына алынып, Ресейдің Магнитогорск қаласында зауытта қара жұмысқа жегіліп, 1943 жылдың соңында денсаулығы күрт нашарлап, елге қайтады.

Содан ақындыққа қайта ден қойып, Шаян ауданының «Қызыл отауында» мәдени жұмыс істейді, ауыл-ауылдарды аралап, халықты жігерлендіреді.

Халық өнері - айтыстың Республика бойынша жандануы 1946 жыл. Шымкентте сәуірде Оңтүстік Қазақстан ақындарының слеті өтіп, айтыс дәстүрін заман талабына орай өзгерте отырып, жандандыру мәселесі қолға лаынады. Басында ауылдар арасында, артынан аудандар арасындағы айтыстар ұйымдастырылып, олар республикалық айтысқа ұласады. Осылардың бас-қасында Көпбай Әлімбетов те бар болатын.

Ақынның өндірте жазып, сілтей айтысқан кезі 1950-1980 жылдарға келеді. 1950 жылы Шаян ауданының атынан ауданаралық айтысқа түсіп, Созақ ауданының ақыны Шаймерденмен сөз шайқастырады. Айтыстағы шеберлігі үшін облыстық Советінің грамотасымен марапатталады.

Көпбайдың айтулы айтыстарының бірі ретінде Кентау қаласының ақыны Желеу Жақыповпен болған сөзсайысын айтса болады. Шымкентте, облыстық айтыста, кездескен осы екеудің айтысы 1958 жылдың үздік айтысы деп есептелді. Облыстың бетке тұтар екі қаласының жетістіктері мен кемшін тұстары ашылған айтыстың жеңімпазы ретінде Көпбай Әлімбетовке Шымкент қаласының халық ақыны атағы беріліп, бағалы сйылықтар қоса тапсырылады.

1963 жылы, желтоқсанда, Шымкент облысы ақындары бас қосқан айтыста Көбекең «Қызылқұм» өндірістік басқармасы атынан сайысқа түсіп, Созақ ауданының адуынды ақыны Құлжабаймен айқасады. Мұнда да ол бас бәйгені жеңіп алады.

Артынан, 1964 жылғы ақпанда, өлкелік, яғни Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының ақындары жиналған айтыста Көпбай Шымкент облысы, Әбдіғаппар Айтақов Жамбыл облысы атынан айтысады. Дүркіреген өнер сайысында сынға түскендердің ішінен бес ақын жеке-дара шығады: олар – Көпбай Әлімбетов, Айнабек Нысанов, Құлжабай Төлеуов, Манап Көкенов, Көпбай Омаров. Бесеуіне де Қазақстанның халық ақыны атағы беріледі.

1970 жылдары айтыс өнері телевизияға шыға бастады. Көпбай облыстық, республикалық теледидарда тұрақты көрініп, айтысып жүреді. Әрі осы жылдары өз шығармашылығын жүйелеп, өлеңдерін, дастандарын, толғауларын және айтыстарын топтап-жинақтап, баспаға әзірлейді. Десе де, көзі тірісінде ақын жеке жинақ ретінде шығармаларын жариялай алмады. Көпбай ақынның «Ғасырдан – ғасырға» жинағы 2004 жылы, туғанына 100 толуына орай жарыққа шықса, «Ғұмыр-белес» кітабы 2014 жылы, ақынның 110 жылдығы қарсаңында әзірленді. Одан кейін «Оңтүстік Қазақстан кітапханасы» айдарымен арнайы том оқырмандарына жол тартты. Биыл, туғанына 120 жыл толуына орай, ақынның Нысанбек Төреқұлов әзірлеп, Мұхтар Әуезоа атындағы Әдебиет және өнер институтына тапсырған шығармалар жинағы «Өлеңнің отын жақтым қызыл шоқтай» атпен жарық көрді.

Ақынның жары – Болымша Жолдыбаева 1924 жылы туып, 2012 жылы дүниеден озды. Көпбайдан Төрехан, Қонысбай, Ақбөпе, Сапарбай, Жарқынбек, Кенжебек деген ұл-қыздарынан ұрпақ бар. Тыныштық, Ақсәуле, Қыдырбай деген балалары сәби кездерінде шетінеген.       

 

 

 

 

Ұсынылатын