Saturday, 19 April,2025

Халық әртісі атағына кімдер лайық? Бекжан Тұрыс өнердегі әріптестеріне үндеу тастады

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Белгілі актер Бекжан Тұрыс "Қазақстанның Халық әртісі" атағына кімдердің лайық екенін айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Өз пікірін актер әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

“Қазақстанның Халық әртісі" атағы қайта берілетін болды” деген әңгіме шыққанда Әбиірбек Тінәлиевтің бейнесі көлбең ете қалғаны рас. Өнер – табиғат. Ол да көктейді. Бүршік атады. Ол баптағанға байланысты. Бағбанның пейіліне, күтушінің көңіліне тәуелді. Ұлы өнерді жасайтындар да солай, елінің ескергенін, еңбегінің еленгенін қалайды. Бірақ өздігінен өзеуреп алға ентелемейді. Ешқашан… Мен оның әндерінің “шаң басқан архивтерде” қалмайтынын білем, өйткені жылда желтоқсан айының бір күнінде “Желтоқсан желі” әр қазақтың ішіне “кіріп” бойын жылытып, рух сыйлап өтеді.

Сахналардан көрінбей-ақ, қалың көрерменнің алдына шықпай-ақ ӘН болып оралады. 37 жылдан бері солай! Ендеше, “Қазақстанның Халық әртісі” деген атаққа Әбиірбек Тінәлиев лайық.

 Беті жылтырап экраннан түспейтіндерді емес, тасада қалған Әбиірбектей дарындардың шығармашылығын бағалап, марапаттайық. Талантсыздарды тұсауламасақ, жылқы мен есектің қатар тұрғаны көрер көзге де сүйкімсіз көрінетіні белгілі. Ендігі жерде өнер адамдары соған абай болуымыз керек. Арсыздарға бәрібір болғанымен, арлы адамдар биікке ұмтылатын да кез жетті. Ессіздер алға шығып, естілер кейін қалған кезеңді артқа тастар уақыт келді ғой деп ойлаймын”, – деді Бекжан Тұрыс.

Ұсынылатын