Monday, 25 November,2024

"Халық тозып кетті": Кәсіпкер Бақытжан Қожатаев елді кризистен шығарудың 100 қадамын ұсынды

Алмас Абылай
Фото

Белгілі кәсіпкер Бақытжан Қожатаев мемлекеттегі атқарылған шаруалардың көп жағдайда жеміссіз болуы дұрыс жасалмаған жоспардан деп отыр. Әсіресе соңғы уақытта халықтың кредитке батуы, жастардың үйлене сала ажырасуы, қымбатшылық пен тұрақсыздық 30 жыл бойы идеологияны кейінге ысырып, экономиканы басты орынға шығарған билік жүйесінің салдары екенін ашық айтуда. Осы орайда Uaqyt.info тілшілеріне бұл тығырықтан шығудың негізгі жолдарын түсіндіріп берді.

                         Бізді жеп жатқан инфляция!

Кәсіпкер сөзін елдегі тұрақсыздық пен қымбатшылық инфляцияның шарықтауымен тікелей байланысты деп бастады. Айтуынша билік шын ниеттенсе бұл дағдарысты бір ғана әрекетпен жолға қоя алады. Яғни бір бұйрық бүкіл елдің тағдырын шешеді.

"Инфляцияны тоқтатын бір жол бар. Бір ғана бұйрықпен реттеуге болады. Яғни халықтың күнделікті қолданатын стратегиялық нысандар бар: газ, электр жарығы мен су. Міне соларды түгел дерлік мемлекет меншігіне алып қою керек. Соған иелік етіп отырған жекеліктен "қарағым, біз саған ештеңе демейміз, болды халыққа жұмыс істейтін уақыт келді" деп алып қойса, көп нәрсе ұтуға болады. Мысалға, олар электр жарығын басқа біреуден алады да оның үстіне ақшасын қойып сатады қазаққа. Ал егер соны Үкімет өз қолына алса жұмысшылардың жалақысын ғана төлейді, болды. Қалған артық үстіне ештеңе қоспайды. Сонымен электр жарығының бағасы арзандайды. Ал егер жекелікте болса онда жұмысшының айлығы, мемлекетке төлейтін салық бар және өзінің пайдасын қосады. Сонымен баға аспандайды. Міне инфляцияны түсіру үшін ең бірінші қадам көзді жұмып тұрып маңызды нысандарды мемлекеттік қылу. Электр жарығы, су мен газ арзандағаннан кейін өзінен өзі азық түліктің де бағасы түседі, коммуналдық қызметте арзандайды, нарықта баспана бағасы да құлдырайды", - дейді кәсіпкер.

                        Идеология экономиканың көлеңкесінде қалып кетті

Бақытжан Қожатаев бұл 30 жыл бойына қалтасын ойлағандардың салдары дегенді ашық айтып отыр. Сөзінше халықпен санасып, мемлекеттің дамуы үшін іс істейтін кезең 20 жыл бұрын келген. Бірақ жүйе оны мойындай алмай келеді, дейді.

"Біздегі ең басты қателік – идеологияны кейінге ысырып, экономиканы басты орынға шығаруымызда. Бірінші президент ең алдымен экономика сосын идеология деген принциппен жұмыс істеді. Бірақ идеология қашанда бірінші тұруы тиіс емес пе! Экономиканы содан кейін қою керек. Идеология болған жерде тәртіп болады, ауызбіршілік болады. Мысалға қарапайым отбасында бір іс істеу үшін ата-анаңмен, әйеліңмен немесе күйеуіңмен келісесің, ақылдасасың. Бұл идеология. Идеологиямен басталған жұмыс ары қарай өнеді. Ал экономикада қалай? Ол жерде ақылдаспайсың. Әкең мынадай салаға бар десе жоқ мен базарға барамын, болмаса достармен мынадай істеймін дейсің. Әкеңмен, анаңмен ақылдаспайсың, идеология жоқ, ауызбіршілік жоқ. Ақырында өзің не істеп не қойғаныңды білмейсің, қайта келейін десең бәрі кеш. Сондықтан бірінші идеология тұруы керек. Қазір халық тозып кетті. Идеологияны қолға алу керек", - дейді Бақытжан Қожатаев.

Сонымен қатар бұл тығырықтан шығу үшін де нақты жолдарын түсіндіріп отыр. Яғни пайдасы жоқ министрліктердің көзін құртып, керісінше елге қажет ведомствалар ашу.

"Идеология үшін алдымен біраз керек емес министрлікті құрту керек. Инвестиция министрлігі мысалы. Не істейді ол? Мақсаты шетелден инвесторларды тарту. Шетелдіктер тегін ақша салмайды ғой. Ол келгеннен кейін міндетті түрде үстінде табысымен, пайызымен алып кетуі керек. Инвесторды тартуға болатын кезең болады. Яғни бір соғыстан кейін немесе ешқандай зауыт фабрика жоқ, дымы жоқ мемлекетке айналғанда. Әрі байлығы жоқ елден болса. Сол кезде минималды пайызбен инвестор тартуға болар еді мемлекет күнін көру үшін. Біз ондай жағдайда емеспіз ғой. Бір жақсы мақал бар "ақылды адамдар өз ақшасынан емес, өзгенің қаражатынан пайда табуға тырысады" дейтін. Сол секілді мен өз табысымды жанұяма жаратамын. Көлігін алып беремін, үйін дегендей. Ал өзгенің қаражатын басқа мақсаттарға пайдалануға болады. Сол сияқты бірқатар керексіз министрліктерді жабу керек. Оның орнына идеология министрлігі ашылса. Сол министрлікке діни басқарманы кіргізіп, сайлау орталықтарын қосу керек. Сайлауды көріп жүрсіздер. Еліміздегі барлық мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері түгелдей сайлау процесіне араласады. Жоғарыдан тапсырма келеді мына адамды өткізуің керек деген. Соған олар жұмыс істейді. Міне біздің үлкен қателік. Бізде рухани байлығымыздан түк қалмай бара жатыр", - дейді ол.

                         Баспана, жүйелі жұмыс орны және тұрақтылық

Кәсіпкер бұған дейін мемлекеттік қызметте де абыройлы еңбектенген. Түркістан қаласында әкімнің орынбасары, кейіннен Ленгер қаласының әкімі болған Бақытжан Қожатаев қазіргі Қазақстанның дағдарыс кезеңінде ең өзекті мәселе баспананы да жолға қоюға болатынын түсіндірді. Сөзінше ол үшін мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй комбинатын ашу керек. Сонда бұл зауыт ең алдымен халыққа жұмыс береді, баспаналы болуға жол ашады және елдегі тұрғын үй кезегін 3-5 жылда жоя алады.

"Халықтың 80 пайызы кредитке батқан. Жастардың 30 пайызы үйлене салып жұмыс, баспана мәселесі салдарынан ажырасуда. Міне осыны шешудің нақты жолын мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй комбинатын ашу.  Ол панельді үйлерді жылдам салуға таптырмас мүмкіндік. 9 қабат тұрғын үйді 4 айда көтереді. 20 жұмысшы жетіп жатыр. 2 айда қабырғасын тұрғызады, 2 айда ішкі жұмыстарын бітіреді. Егер дәл осы жүйе іске асса 3-5 жыл ішінде баспана мәселесі толық шешілер еді. Жерді әкім беруі тиіс. Мысалы Шымкентте 29 мың гектар жер бар. Соны әкімге кері меншікке қайтарыңыз, үй салуға пайдаланыңыз деп кеңесімді айттым. Әкім болғанына 3 жарым жыл болды, ал мен жақында ғана кіріп шықтым. Сонда ол бұл мәселені білмей ме? Екінші, қала шетіндегі тұрғындар. Көпшілігі үйінің қабырғасын толық тұрғыза алмаған. Олар қала ішінен баспана берсе жерін тұтас қайтарып беруге дайын.

Одан кейінгі тағы бір мәселе әлгі зауытқа алған жұмысшылармен жасалатын келісім. Яғни айлықтың белгілі бір бөлігінен депозит ретінде ұстап қалу. Бірақ салынған тұрғын үйден бір-бір пәтерден берілуі тиіс. Сонда олар 20-25 жыл үлкен пайызбен ипотека төлемейді. Керісінше зауытта жұмыс істеп жүріп 2-3 жылда алған баспанасын өтеп тастайды. Ал бұл іске керек цемент, тас-топырақты өңдейтін компанияларға билік тапсырма беруі тиіс. Сонда арзан бағамен сені қамтамасыз етсе, ел болашағы жарқын болар еді. Қазір әкімдер әкім емес, таза бизнесмен. Бірақ ол қызметте болған соң халық үшін әрекеттенуі керек емес пе?! Мысалға әкімдік құрылыс компанияларынан пәтердің шаршы метрін 360 мың теңгеден алып тұрмысы төмен халыққа, мүгедектерге ипотекаға үлестіреді. Оны ел 25 жыл бойына төлеуге мәжбүр. Ал комбинат әлдеқайда тиімді. 150-120 мың теңгеден квадрат метрін сатуға болады. Бұл халықтың қалтасын қақпайды, уақытын 20-25 жылдап алмайды. Аз ғана уақытта қарызынан құтылып тастайды. Міне бұл да баға нарығына әсер етеді. Теңге күшейеді. Құны артады", - дейді.

Бұл жобаның ғалымдар, архитекторлар толық сынынан өткенін де айтып отыр. Яғни сейсмикалық қауіпсіз, кемшілігі жоқ және ешқашан маңызын жоғалтпайтыны дәлелденген екен.

"Бұл архитектор, ғалымдардың қарауынан толықтай өткен, еш кемшілігі жоқ, кез-келген уақытта маңызын жоғалтпайтын жоба. Мысалға Санк-Петерборда тура осы жүйемен 25 қабатты үйлер салады. Елмен санасатын уақыт 20 жыл бұрын болып қойды. Мен экономист емеспін, инженермін. Бірақ бір нәрсеге таңғаламын. Соғысып жатқан Ресейде рубль әлі күнге 5-6 есеге құнды. Бейбіт Қазақстанда теңге әлі әлсіз. Осы сұраққа Үкімет жауап берсін. Қазір депутаттыққа  кәсіпкерлер, мафиозниктер, кезінде қамалып қайта шыққандар өтіп алды. Олар өздерінің айтқандарын істетіп, ақырында әкім болып қызметке отыруға қам жасайды. Өмір солай жалғаса береді. Халық осылай жүреді. Халық әлеуметтік желіде жазып жатыр ғой "Бізде келген әкімді, министрді қимастықпен жылап шығарып салатын, орнынан кетпесе екен деп тілейтін заман қашан болады" деп. Ондай жағдай жүйеде өзгеріс боламйынша орнамайды. Біздің халыққа соғыс керек емес. Қан жоса болып қырғын салудың да қажеті шамалы. Қашанда шыдам танытып, үнсіз ғана жүре береді ғой. Осындай халыққа елін абыроймен басқаратын басшы келсе", - деп қорытындылады сөзін.

Бақытжан Қожатаев елді кризистен шығару жүйесіндегі бұл істер тек санаулысы ғана деп отыр. Сөзінше дәл осындай өзекті 100 қадам тізбектеген. Егер сол бағыт жүйелі қолға алынса, Қазақстан ең мықты мемлекеттер қатарына енетініне сенімді.

Ұсынылатын