Sunday, 24 November,2024

Хиджабпен мектепке бару, жыныстық сауаттылық пәнін оқыту: Министр Ғани Бейсембаев даулы мәселеге нүкте қойды

Алмас Абылай
Фото

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепке хиджабпен бару, сонымен қатар оқушыларға жыныстық сауаттылық пәнін оқыту мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бас мұғалім өз ойын, әрі нақты ұстанымын Обажаю бағдарламасында білдіреді. Онда мектеп діни орталық емес екенін, өзіне тән формасы мен оқыту жүйесі барын ашық айтқан.

"Біз зайырлы мемлекетпіз. Мектеп діни медресе емес. Оның өзіне тән білім беру жүйесі, ішкі талабы мен нақты бекітілген оқушылар формасы болады. Біз осыны ұстануымыз және балалардың оқуына жағдай жасауымыз керек. Кез-келген ата-ана өз баласын жақсы көреді емес пе. Ендеше неге дін мәселесін мектеп айналасында қозғап, балалардың дұрыс білім алуына кедергі бола береміз. Сондықтан мектептің талабын сақтап жүру ең дұрыс шешім деп айтар едім", - дейді министр.

Сонымен қатар Ғани Бейсембаев мектептерде оқушыларға жыныстық сауаттылық пәнін оқыту мәселесіне де жауап береді. Яғни қоғамда жас қыздардың жүкті болып қалуы осындай білім берілмегендіктен болуы мүмкін деген сарапшылар сұрағына нүкте қойған.

"Қазақи дәстүрдегі ерекшеліктерді ескерсек, балаларға алдымен білім мен тәрбие беру керек. Биыл мектепке арналған біртұтас тәрбие беру бағдарламасында түрлі мәселелерді қарастырдық. Бірақ, меніңше тәрбие дұрыс болуы үшін бұған ата-аналар да араласу керек. Бұған дейін де ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталығы ашылатынын айтқан едім. Осы ретте біздің педагогтар ата-аналарға көмек көрсетуге әзір. Сол кезде тәрбиеге байланысты көп мәселелер шешілуі мүмкін. Ерте жүктілік мәселесін шешуде сіз айтқан шаралар көмектеспеуі мүмкін. Тағы да қайталап айтайын, діліміздің, дәстүріміздің ерекшеліктерін ескеру керек. Сондықтан, бұл мәселені партада отырып емес, ата-аналармен бірге отырып шешу керек", - деді Ғани Бейсембаев.

Ұсынылатын