Храпуновтың мүлкін талан-таражға салған экс-шенеуніктер сотталды
Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың "Эдельвейс" коттедждер қалашығында тәркіленген мүлкін сату кезінде алаяқтық жасады деп айыпталған әкімдік пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Uaqyt.info Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Дерекке сүйенсек, сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, мынадай жаза тағайындау жөнінде шешім қабылдады:
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұхановқа мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі атағынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру;
Ұлттық экономика экс-вице-министрі Ілияс Өсеровке – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру;
Алматы қаласы Қаржы басқармасының бұрынғы басшысы Айнұр Құдайбергенова – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру.
Олар жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.