Хромтауда белгісіз ер адам көшеде кетіп бара жатқан тұрғынды атып тастады
Хромтауда ер адам көшеде кетіп бара жатқан тұрғынды атып тастаған. Ол иығынан жарақат алды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Polisia.kz медиа-порталы жазды. Дерекке сүйенсек, адамға оқ атқан бұзақы ұсталған.
Түнгі сағат 02:00 шамасында полицияның “102” пультіне Хромтау қаласы Жұбанов көшесіндегі үйдің ауласында белгісіз адам өтіп бара жатқан адамға оқ атқаны туралы хабарлама келіп түсті. Күдіктіні ұстау үшін дереу оқиға орнына полиция жасағы жіберілді.
Полицейлер ер адамның қылмыстық әрекеттерін əрі қарай жалғастыруының алдын алды. Полиция қызметкерлері Мақсат Дастан мен Жылқайдар Жұлдызбек өз өмірлерін қатерге тігіп, оқ атқан адамды ұстады.
Күдіктінің Хромтау қаласының 50 жастағы тұрғыны екені анықталды. Белгілі болғандай, мас күйдегі күдікті әйелімен жанжалдан кейін көпқабатты үйдің ауласына шығып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға оқ атқан.
Жәбірленуші иығынан жарақат алды.
Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.