Жамбыл облысында алтын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды
Ішкі істер министрлігі алтын ұрлаумен және заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қою бойынша шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Uaqyt.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл бірқатар өңірде құрамында алтыны бар материалды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылып, ондаған тонна кен тәркіленді.
– Шілде айында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері “Алтыналмас” АҚ “Ақбақай” комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар кенді ұрлауға қатысы бар адамдарды ұстау бойынша жедел іс-шаралар өткізді.
Іздеу іс-шараларының нәтижесінде Ақбақай, Мойынқұм, Бірлік кенттерінде 11 заңсыз ұсақтау цехы табылды. Онда кен мен тастарды өңдеуге арналған арнайы жабдық, алтын, қаражат, сондай-ақ тоғыз атыс қаруы мен мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. “Қаракөз” карьерінің аумағында заңсыз кен іздеушілердің екі бригадасы ұсталды.
Заңсыз кен өндіріп, шахталарға кірген 17 адам. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, арнайы іс-шараларды өткізу кезінде “Ақбақай” комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар 600 қаптан астам шикізатты ұрлау фактісі анықталды.
Оған комбинаттың бұрынғы қызметкерлерінің қатысы болған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Комбинаттың қауіпсіздік қызметімен бірге ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.