Жамбыл облысында төрт түлік белгісіз індеттен қырылып жатыр
Жамбыл облысының ауылында төрт түлік белгісіз аурудан қырылып жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
КТК телеарнасының хабарлауынша, Жамбыл облысында бүтін бір ауылда белгісіз ауру тарап, төрт түлік қынадай қырылып жатыр. Аты жоқ кесел Талас ауданындағы Майтөбе ауылында анықталды. Өріске кетіп, өлексеге айналып жатқан жануарларды емдеуге мал дәрігерлері де дәрменсіз дейді жұрт.
Өйткені облыстық ветеринарлар үш апта бұрын басталған аурудың диагнозын дәл таба алмай отыр. Ауылға аты жоқ кесел келді деген Майтөбедегі малшылар бұлай жалғаса берсе, қу таяқ ұстап қалар түріміз бар деп қабыл қағуда. Өйткені өріске кеткен тұяқтылар өлексеге, келгені көтерем күйге түсуде дейді.
Тұрғындар үш аптадан бері төрт түлігінің түннен түгел шығуын тілейтін болған. Айтуларынша, осы ай басталғалы 100-ге жуық қой-қозы қынадай қырылып қалған. Ал арам қатқан ірі қара саны 10-ға тартады.
“Білмей сауып ішіп жатқан ел бар. Білмей, байқамай қалып. Адам ауырмай ма?! Біз қалай үндемей отырамыз.? Дезинфекция жасамаса, болмайды. Бұл кене арқылы да, шөп арқылы да, су арқылы да келуі мүмкін”, - деді Рима Әбдиева.
Ауылдағылар аты анықталмаған ауру адамға да жұға ма деп алаңдаулы. Кесел тиген төрт түлік тәуліктеп жем-шөп жемейтін көрінеді. Жатқан жерінен тұрмайды, қызуы төмен түспейді. Бұқара бұған көктем кезіндегі вакцина науқанының немкетті ниетпен жүргізілуі де себеп болуы мүмкін дейді.
“Температурасы 41-ге барады. Егер де білмей қалсаң, өледі. Қолымыздан градусник түспей жатыр”, - деді Бақтыбай Есенбаев.
Ал аудан билігі бұл сары ауру тектес кеселдің бірі болуы мүмкін дейді. Өлекселер мен олардың азығынан сынама алып Алматыға жөнелткен. Нәтижесі келмейінше, мал дәрігерлерлері диагноз қойып, шешім шығара алмайды.
“Жамбыл облысы ветеринария зертханасына жібереміз. Олар теріс деп береді. Қандай диагноз қоярымызды білмей отырмыз. Лептоспироз ауруына күдікті деп беріп жатырмыз. Бірақ нақты емес. Ал референц орталықтың айтуынша, дәрідәрмек салынбасын, сол кезде анықталады деп отыр”, - деді Талас ауданы ветеринария стансасының директоры Жарқын Қалмаханов.
Ауылдағылар сөйлеткен сан болмаса, қырылған малдың нақты қанша екені белгісіз. Себебі ресми хаттама жасалған жоқ. Ал Алматыда қаралып жатқан сараптама бір-екі аптада анықталуы тиіс. Егер қорытындысы қауіпті деп танылған 18 кеселдің тізімінен табылса, тұрғындарға өтемақы төленеді. Олай болмаса, шаруалар өз шығынын өзі өтеуге мәжбүр.