Жамбыл облысындағы бір ауыл су астында қалды
Жамбыл облысындағы Жасөркен ауылы су астында қалды. Толассыз жауған жаңбыр суының деңгейі 40 см жеткен, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылының аумағын және оған іргелес аумақтарды тексеру жұмыстары жүргізілген.
Қазіргі уақытта су деңгейі 40 см-ден 10 см-ге төмендеді. Суды айдау үшін елді мекеннің су басқан үйлерінің аумағында мотопомпалар жұмыс істеуде.
«Жасөркен ауылында барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде. 300-ге жуық адам және 60-қа тарта техника жұмылдырылды.Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. М. Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары уақытша онлайн білім алатын болады», - деді Ербол Қарашөкеев.
Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірде сағат шамамен 20.00-ден кейін толассыз жауын-шашынның салдарынан көлбеу ағын пайда болды. Салдарынан Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында 30-дан астам үй ауласының аумағын, оның ішінде бір тұрғын үй мен уақытша құрылыс нысанына су кірген.
Адам шығыны жоқ. Мал өлімі фактілері тіркелген жоқ.