Saturday, 23 November,2024

Жамбыл облысындағы мектептің дәретханасында оқушы көз жұмды

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Жамбыл облысының Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің дәретханасында оқушы көз жұмды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы журналис Данияр Әлімқұл өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

“8- сынып оқушысы соққыдан сұлап түскен. Тоғызыншы сыныптың баласы ұрған екен. Ауылдағылар айтып отыр. «Дыхалкадан» дөп тиген удар бір баланың өмірін қиды. «Сегіздерді» «тоғыздар» тысқа тартып, әжетхана жақта әлімжеттік жасаған деген нұсқа бар. «Греб» (түрмеге деп тиын жинау) жинаған ба, бұ жағы бұлыңғыр. Бірақ осыған ұқсас. Байзақта сыртқа салынған әжетхана әлі бар екен. Оның үстіне «ақ үйдің» айналасында камерасы жоқ.

Ол жақта жүрген Мұхит есімді орынбасары теңіздей тасыды. «Берсе басшының өзі берсін!» деп өкпесін қолына ұстап қашты, телефонның ар жағынан. Сосын екеуі де трубка көтермеді. Ал мектеп директоры мен бір топ адам мектептің есігіне қара құлып салып, ішінде отыр. Орынбасар Мұхитты да қастарына алып алған. Сыртта директордың қаңтарылған көлігі тұр. Басшысы жоқ байзақтық білім бөлімінде міндет атқаратын кісі бар екен. Оның да ағарту ошағына аяғы жетпеді. Жиналыста жүрмін деп, жоқ болды. Байзақта болғанда қай жақта дерсіз? Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте болған. Даладағы дәретханада. Ағартушының атындағы мектепте”, - деп жазды журналист.

Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.

“Оқушының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – кәмелетке толмаған бала уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ, мектеп басшылығы мен оқытушы құрамға қатысты балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды”, - делінген ПД таратқан хабарламада.

 

 

Ұсынылатын