Saturday, 23 November,2024

Жамбыл облысының медицина мекемелеріне су жаңа 40 автокөлік берілді

Uaqyt.info
Фото

Жамбыл облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен дәрігерлерге су жаңа 40 автокөліктің кілттері табысталды. Айтулы іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, медицина мамандары, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Айта кетейік, санитарлық автокөліктер Мерке, Қордай секілді ірі аудандардан бөлек халық саны аз ауылдардағы емханалар мен ауруханаларға да үш-төрттен берілген. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзінің құттықтау сөзінде өңірде медицина саласына көп көңіл бөлінетінін және оны дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

“Шұғыл көмек көрсету үшін біз санитарлық көлікті жаңартып жатырмыз. Облыс үшін 40 машина бөлінді. Көліктің негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерге бағытталатын болады. Менің ойымша, енді сіздердің жұмыстарыңыз біршама жеңілдейді, өйткені жедел жәрдем жаңа техникамен жабдықталған. Қиын әрі өте жауапты жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін”, - деді Ербол Шырақпайұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, облысты жаңа көліктермен қамтамасыз ету жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Биылдың өзіне тағы 30 автокөлік сатып алу үшін бюджеттен 660 млн теңге қарастырылыпты.

Ал өңірлерге берілген 40 көлікке 758 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Айта кетейік, Lada Granta KUB "Медициналық қызмет" және Lada Niva kub "Медициналық қызмет" автомобильдері науқастармен зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік беретін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған.

Ұсынылатын