- Басты жаңалықтар
- Мәдениет
- Жамбыл облысының тұрғыны қабір қазіп жатып 3 мың жылдық тарихы бар қазан тауып алды
Жамбыл облысының тұрғыны қабір қазіп жатып 3 мың жылдық тарихы бар қазан тауып алды
Жамбыл облысында осыдан 3 мың жыл бұрын қолданылған қазан табылды. Оны тұрғындардың бірі қабір қазып жатып байқап қалған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Қазақпарат жазды. Дерекке сүйенсек, көне жәдігерді Бесағаш ауылының маңынан Ертай есімді азамат қабір қазып жатып тауып алған. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы- археолог Сауран Қалиев Бесағашқа арнайы барып, тарихи жәдігермен танысты. Нәтижесінде тарихшы көне қазан біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырдағы сақ дәуіріне жататынын айтты.
Қола мен қалайының қосындысынан жасалған қазанның бойы – 70 см, диаметрі – 66 см.
""Қазан табылған маңда ортағасыр қалашығы – "Ақтөбе" елді мекенінің орны бар. Бірақ, қазан темір дәуіріне жататындықтан, Ақтөбенің тарихы да сонау ерте темір дәуірінен басталуы мүмкін. Бұл аумақта осы уақытқа дейін кешенді түрде ешқандай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жәдігердің табылуынан соң, Жамбыл облысының Шу-Талас өңіріндегі ерте орта ғасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда кешенді түрде ғылыми-зерттеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Сондықтан ерте қола мен темір дәуіріне қатысты кенжелеп қалған зерттеу жұмыстарына көңіл бөліну керек", – дейді тарихшы-археолог.
Тарихшы қазан ернеуіндегі ою-өрнектің геометриялық дәлдікпен жасалғанына қарап, сақ мәдениетіндегі тайпалардың математикалық есептеулерді мықты меңгергендігін шамалайды. Ал ою-өрнек нышандары қазанның аузы мен сыртқы бетіне шығарылып жасалуы молшылықтың белгісі.