Заң әншіге де, шендіге де ортақ: Мас күйінде рульге отырған депутат қамалды
Мас күйінде көлік жүргізген ақтөбелік экс-депутат қамауға алынды. Сания Мұратова енді 15 күнін темір тордың ар жағында өткізеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ақтөбе қалалық мәслихатының экс-депутаты Сания Мұратоваға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және 608-бабының 1-бөлігі (Көлік құралын мас күйде жүргізу) бойынша хаттама толтырылып, кеше сот қаулы шығарды.
Судья Қайыржан Алашұлы Сания Мұратованың кінәсі хаттамамен, медициналық сараптама қорытындысымен, бейнежазбамен толық дәлелденгенін айтып, 15 тәулікке қамаққа алу және жүргізу куәлігінен 7 жылға айыру туралы қаулысын шығарды. Әкімшілік қамаққа алу Ақтөбе облыстық ПД-не жүктелді.
“Сания Мұратова 26-қазан күні кешке Ақтөбе қалалық полиция басқармасының әкімшілік қамаққа алу арнайы орнына қамалды. 15 тәулікке қамалды. Одан өзге ақпарат таратылмайды”,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.