Жаңаөзенде ірі комбинат мемлекет меншігіне қайтарылды
Маңғыстау облысындағы құны 1 миллиард теңгеден асатын комбинат мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бас прокуратура таратқан мәліметке сүйенсек, 2019 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинаты «Тазалық-С» ЖШС сенімгерлік басқаруына берілген.
Жаңаөзен қаласының прокуратурасы анықтағандай, ЖШС оған комбинатты беруге негіз болған міндеттемелерді орындамаған. Атап айтқанда, комбинат жеткілікті арнайы техникамен қамтамасыз етілмеген, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі кеңейтілмеген, полимерлі құбыр өндірісі іске қосылмаған.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Жаңаөзен әкімдігі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сенімгерлік шартты тоқтата тұру жөнінде арыз беріп, ол толығымен қанағаттандырылған.
Апелляция сатысында жоғарыда аталған соттың шешімі өзгеріссіз қалды. Нәтижесінде баланстық құны 1 млрд теңгеден асатын мүліктік кешен жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне қайтарылды.