Saturday, 23 November,2024

“Западло емес!” Төреғали Төреәлі көше сыпырып жүр

Uaqyt.info
Фото Коллаж/uaqyt.info

Танымал әнші Төреғали Төреәлі сот шешімімен 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегілді. Әнші қала көшелері мен соттың алдын сыпырып жүр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Көше сыпырып жүрген видеосын әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Онда Төреғали заң бұзғаны үшін жауапқа тартылғанын және өзіне тағылған міндеттерді орындап жүргенін жеткізген.

“Соттың үкімі бойынша 40 сағаттық қоғамдық жұмыс тапсырған болатын. Түске дейін саябақта болдық, қазір осы жердеміз. Бұл менің жерім, бұл менің елім! Әлбетте көк туы бар елімнің өз заңы бар. Сол заңға бәріміз бағынуымыз керек деп ойлаймын. Ұлы дала баласы өзінің ұлы даласын сыпырып жатыр. Бұл бізге западло емес”, - деді Төреғали Төреәлі.

Айта кетейік, Алматыдағы Түрксіб аудандық сотында билік өкілдерін қорлау фактісі бойынша айыпталған әнші Төреғали Төреәліге қатысты үкім шыққан болатын. Сот қаулысымен ол 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегілді.

“Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында билік өкілдерін өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қорлау фактісі (ҚК 378-бабы 1-бөлігі) бойынша А.-ға (Төреғали Төреәлі Алиханов – ред.) қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот биылғы жылдың 14 маусымында Майлин көшесінде Lexus маркалы автокөлік тоқтатылғанын анықтады. Жүргізуші А. полиция қызметкерлерінің заңды әрі бірнеше рет қойылған талаптарын орындаудан үзілді-кесілді бас тартып, полиция қызметкерлеріне дөрекі сөз сөйлеген, сондай-ақ қарсылық танытқан, осылайша ол өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында билік өкілдерін қорлаған”, - делінген хабарламада.

Ұсынылатын