Monday, 25 November,2024

Жақияновтың жағасына жармасып жүрген журналистер кімдер?

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Белгілі саясаткер, кәсіпкер және екі облыстың әкімі болған Ғалымжан Жақиянов өзіне жала жауып, жағасына жармасып жүрген жандар жайлы жазба жариялады. Онда сотта ашық дәлелдермен барлық істің ақ-қарасын дәлелдеп шыққанына тоқталған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Жазбаны саясаткер өзінің Facebook-тегі парақшасында қалдырған. Онда соңғы уақытта жеке мәселенің қоғам талқысына түсіп, жеке басын қаралауға бағытталғанын, бірақ соған қарамастан нақты айғақтармен өзін ақтап шыққанын ашық айтқан.

"Құрметті достар мен журналистер қауымы! Өздеріңізге мәлім, былтырғы Қаңтар оқиғасынан бері БАҚ пен Facebook-та менің сұхбаттарым мен мақалаларым шығып жүр. Онда мен журналисттердің сұрақтарына жауап беріп, қоғамымызды алаңдататын кейбір мәселелерді көтергенмін. Соның ішінде бұрынғы және бүгінгі билік басшыларына байланысты сыни пікірім де бар. Билік тарапынан айтқанымды жоққа шығаратын не тікелей жауап болмады, не қандай да бір үн қайтара алмады. Алайда, олардың жауабы басқаша болды. Билікке тәуелді кейбір ақпарат құралдары мен адамдар менің жеке басыма байланысты лақап тарата бастады. Бұл науқанда бұрынғы досым Төлен Тоқтасынов және оның жақындары байқалды. Ол ортамыздағы дауды өзара келісім немесе заң жолымен шешудің орнына бұқара назарына жүгінді. Назар аударатын маңызды жайт– бұл дау мемлекет немесе қоғам шаруаларына жатпайды. Мен екеуіміздің іскерлік қарым-қатынасымыз қоғамдық талқылаудың тақырыбына айналғанына өкінішімді биылғы қаңтардағы мәлімдемемде айтқан едім. Сотта Тоқтасынов жеңіліп, қарызды боп табылды. Сонымен қатар, мен ар-намысыма нұқсан келтіріп жала жапқаны үшін Төлен Тоқтасыновты жауапқа тартуын Алматы қаласының әкімшілік сотына өтініш білдірдім. 3-4 айға созылған сот оны кінəлі деп тауып, 13 маусымда өз шешімін шығарды. Дегенмен, Т. Тохтасыновтың тарабы сот жауапкердің қатысуынсыз шешім шығарды деген уәж айтты. Бірақ оның сотқа қатысудан бас тартып жүргенін айтпады. Шын мәнінде, сот отырысы бірнеше мәрте болды. Сот қашқалақтап жүрген Т. Тохтасыновты мәжбүрлі түрде сотқа қатыстыру үшін полицияны араластыру жайлы ұйғарым шығарды. Полиция оның үйіне 6 рет барып, кездесе алмаған. Жауапкердің жұбайы, ұлы мен қызы полицияға онымен байланысы жоқ деген мәлімет берген", - дейді Жақиянов.

Сонымен қатар, осы іс айналасында тіпті БАҚ құралдарының да араласқанына тоқталады. Әрі ол жағдайда да өзінің ақ екенін дәлелдегенін және жеке басын қаралайтын материалды БАҚ бетінен өшіруді талап еткенін жазады.

"Сот барысында Т. Тохтасыновтың кінәсін дәлелдейтін түрлі фактілер келтіріліп, филологиялық сараптама қарастырылды. Ол сараптамада "ADYRNA ULTTYQ PORTALY" YouTube-каналына шыққан интервьюде "шындыққа сәйкес келмеген жағдайда Ғ. Жақияновтың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне зиян келтіретін мәліметтер бар" деген қорытынды жасалды. Т. Тоқтасыновтың шағымы бойынша аппеляциялық соттың отырысы өтті. Шағым иесі өзі қатысудан тағы да бас тартып, орнына адвокатын жіберіпті. Ол болғанда, Тоқтасыновтың мекен-жайы Қазақстанда емес Моңғолияда, сот отырыстары туралы хабарсыз деген сияқты әңгімелерін қайталады. Біз өз кезегімізде, бұл сөздері шындыққа сәйкес келмейтінін және Тоқтасыновтың кінәсін дәлелдейтін басқа да құжаттарды соттың алдына тарттық. Нәтижесінде, алдыңғы сот шешімі күшінде қалды. Алдында аталмыш соттың шешімі "Адырна" басшылығына жіберілген болатын. Алайда редакция соттың шешіміне назар аудармай, Т. Тохтасыновтың сұхбатын алып тастаудан бас тартты. Сол себептен, сайт адресіне сотқа дейінгі шағым жолданды. Есесіне, сайтпен оның бас редакторы мені журналистке қысым жасады деп айыптап, негізсіз бірнеше мақала жариялап отыр. Қайталап айтайын, мен "Адырнаға" жалған ақпарат таратпаңыздар деген ғана талап қойып отырмын. Сондай ақ, жалған ақпарат Қазақстанмен шектелмей Моңғолияның да кейбір БАҚ-та шығыпты. Бұлардың бәрі "заказбен" жасалғанына күмәнім жоқ. Осыған байланысты мәселе Ұлан-Батыр қаласының үш сотшының қатысуымен қаралып, артынан аппеляциялық сот өтті. Нәтижесінде, Моңғолияның да сот орындары таратылған ақпараттың бәрі жалған деп тапты және менің ар-намысымды қорғау туралы қорытынды шешім шығарды. Қазіргі әлеуметтік желілерде өтірікті шындай көрсету, адамның ар-намысына тию, беделіне дақ түсіру оңай дүниеге айналды. Кейінгі кезде өзіме қатысты сондай іс-әрекеттің куәсі болғандықтан осы постты жазып отырмын", - деп қорытындылаған ойын.

Ұсынылатын