Friday, 22 November,2024

Жарыстан берілетін сыйақыға времянка да сала алмайсың – Жәмилә Бақбергенова

Uaqyt.info
Фото uaqyt.info

Күрестен үш дүркін Азия чемпионы, күні кеше Алматыда өткен Поддубный лигасында жеңіске жеткен Жәмилә Бақбергенова алдағы жоспарларымен бөлісті. Балуан қыздың арманы – ата-анасына зәулім үй салып беру, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Uaqyt.info тілшісіне берген сұхбатында Жәмилә Бақбергенова жеке өмірі туралы да айтты. 27 жастағы бойжеткеннің әзірге күйеуге шығу жоспарында жоқ екен.

“Тұрмысқа қашан шығасың?”  деген сұрақтар маған өте жиі қойылады. Ол жайлы тек 2024 жылғы Олимпиададан кейін ойланатын шығармын. Әзірге қарым-қатынасқа уақытым да, сөйлесіп жүрген жігім де жоқ. Бірақ ұсыныс айтып, көңіл білдіргендер болды.  Менің бар мақсатым – жақсылап тер төгіп, жарақат алып қалмау", - деді Жәмилә Бақбергенова.

Жәмилә Бақбергенова 1996 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Мамандығы – заңгер. Оның сыңары Мәдина да спортта бірталай жетістіктерге жеткен. Ол Моңғолияда өткен байрақты бәсекеде күрес түрлерінен Азия чемпионы атанды.

“Мәдина тұрмыс құрған, екі бала тәрбиелеп отыр. Күйеуі – біздің бапкеріміз”, - дейді Жәмилә.

Чемпион алдағы уақытта ата-анасына зәулім үй салып берсем деп армандайды.

“Ата-анамыздың Құдайға шүкір үйі бар. Бірақ Мәдина екеуміздің арманымыз – әке-шешемізге зәулім үй салып беру. Соған барынша жұмыс істеп жатырмыз. Жарыстарда берілетін сыйақыға времянка да сала алмайсың. Федерацияға айтар ешқандай өкпе жоқ. Қыздар күресі жақсы дамып келе жатыр”, - деді Жәмилә Бақбергенова.

Ұсынылатын