Жазықсыз сотталуы мүмкін: Астанада Алексей Курганскийдің соты басталды
Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәсіпкер Алексей Курганскийдің соты болды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Айта кетейік, күдіктіге алаяқтық жасады және пара беруге ұмтылды деген айыптар тағылған. Алайда кәсіпкердің туыстары мұнымен түбегейлі келіспейді.
Айтуларынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кәсіпкерге заңсыз айыптар тағып отыр. Ал тергеу әрекеттері мүлде бір жақты жүргізілген.
Тіпті тергеушілер күдіктіге құжаттарға мәжбүрлі түрде қол қоюға мәжбүрлген. Бүгінгі өткен сот отырысында даулы іске қатысты мардымды ешнәрсе айтылған жоқ. Заңгер Ғабит Өмірбектің айтуынша, сотқа келуі тиіс болған куәгерлердің бірі де процесте төбе көрсетпеген.
“Қылмыстық іс әу бастан дұрыс тергелген жоқ. Былыққа толы. Өйткені қылмыстық істі заңсыз тіркеп, кінәсіз адамды қамап тастады. Енді бұлар “артқа шегінуге жол жоқ” дегенді ұстанып отыр. Өйткені босатып жіберсе, Антикордың арты ашылып, абыройы аймандай болады. Қылмыстық іске қатысқан куәгерлердің барлығы жалған, қолдан жасалған. Бүгінгі сот отырысына прокурор мен Антикор куәгерлерді алып келуі керек еді. Бірақ процеске бірде-бір куәгер қатысқан жоқ”, - деді Ғабит Өмірбек.
Осы себепті сот отырысы 19 шілдеге шегерілді. Әзірге алдағы соттан қандай нәтиже шығатыны белгісіз.