Saturday, 23 November,2024

Зейнетақы Қорында жиналған триллиондарға көз тіккен кім?

Құрмантай Жантелі
Фото

Үкімет елді тағы да «шок» қылды, былайша айтсақ, қоғам ішіне шоқ тастады. Халықтың қалтасына түспей, бір де бір проблеманы шеше алмайтын шарасыздығын танытты. Зейнетақы Қорынан  1,5 трлн теңгені инфрақұрылымдық жобаларға бөлетіні туралы айтып отырмын. Сөйтіп, бюджетттің жоғын болашақ зейнеткерлерден алмақшы. Басқаша істеу қолдарынан келмейтін болып тұр ғой? Халықаралық валюта Қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Николя Бланше «Инфрақұрылымды зейнет қорының ақшасынан емес, бюджеттен қаржыландырған дұрыс» дейді. Халықаралық қаржыгердің ойынша, зейнет ақы қорының қаржысын мұндай жобаларға салу аса тиімсіз тәсіл көрінеді. Бірақ, ондай пікірді тыңдай қоятын үкіметте құлақ бар ма?

Үкіметтің ол пиғылын, «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы Холдингі» АҚ-ның энергетика министрлігіне жолдаған хатына сүйене отырып, жұртшылыққа алғаш жариялаған ҚазТАГ агенттігі. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ы қаржысынан 1,5 трлн теңгені бөлу туралы шешімді қолдап шыққан экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия көрінеді.

Бұл хатында «Байтерек» «елдегі қуат беретін көздер тозып кетті. Құрамында көміртегісі шамалы отынды пайдалансақ, біртіндеп, көмірден де бас тартуға болады. Түпкі мақсатымыз – қазақ жерінің жасыл энергетиканы дамытуға оңтайлы мүмкіндігін пайдалану»  дейді.  Елдің әр шалғайында жылу, су  және жел стансаларын салатын 10 шақты жоба қарастырылып жатқан көрінеді. Алматыдағы 2-ЖЭО, Хромтауда 15 мегават қуат беретін 3 жел стансасы, Балқашта, тағы бірнеше өңірде түрлі стансалар салмақшы.

30 жыл түк бітірмей келіп, бұларға не болған? Талай миллиардтар шашып өткізген ЭКСПО-дан кейін де бұлай «бөртпеп» еді. Елдің қалтасын, қосымша салық ретінде, тесіп тұрған утиль алым жинағаннан басқа ісі жоқ,  «Жасыл дамудың» пайда болғаны болмаса, «жасыл» энергетика дамып кете қоймап еді. Әлде зейнетақы қорындағы триллиондар біреулердің ұйқысын бұзып, мазасын ала бастады ма?

Министр Алмасадам Сәтқалиев тартпақшы арап инвесторлары кімдер? Әдетте, олардың өзі Батыс мамандарына салдыратын еді, қашаннан бері инженерлік ілімді меңгеріп алған? Шыққан тегі күмәнді, ойлары тұманды біреулер. Ертең «арап» деп жүргендеріміз, ел аман, жұрт тынышта,  адал еңбекпен жиған-тергендерін Дубай мен эль-Риядтың банктеріне салып қойған, өзіміздің «қожалар» болып шықса ше? Былтыр ма, әлде алдыңғы жылы ма бір «араптар» Шүлбі су электр стансасын сатып алмақшы да болған. Қоғам дүрлігіп, саудасын жүргізе алмай кетіп еді. Ал, Сауд Арабиясы мен Біріккен Әмірліктерге кімнің барғыш екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қаңтарда елден қашқан «мықтыларның» дені сол жақтан табылған.

Ұлттық Банктің төрағасы Тимур Сүлейменов  1,5 трлн теңгенің тек үштен бірі ғана инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалып, қалғаны экономиканы әртараптандыруға қатысты жобаларға қолданылады дейді.  Яғни, ауыл шаруашылығы мен жалпы өңдеуші өндірісті, жоғары өнімді қызмет түрін дамыту үшін зейнеткерлердің қаржысы керек екен. Сонда, елге қайтып жатқан миллиардтар қайда? Әлде ол ақша тек есеп жүзінде ғана ма? «Қазақстан халқына» деген Қордағы қордаланған ақшаны неге пайдаланбайды? Халыққа керек болып тұр емес пе?  «Анау қайда?», «мынау қайда?»  деп сұрай берсең, қара қазақ еш пайдасын көрмеген жер қойнауындағы қазбаларды түгендеп шығуға да болар.  Солай бола тұра, билік болашақ зейнеткердің азын-аулақ ақшасына көз тігеді.

Зейнет Қорының ақшасын «сыпырып»алудың «сүлейменовше» схемасы мынандай: «Самұрық» пен «Бәйтерек» облигация шығарып, ол қағаздарды Зейнет Қоры сатып алады.  Сөйтіп, бұл жобаларды жаңағы екі компания өздері қаржыландыратын көрінеді. Премьер  Смайылов «егер жобалар табысты болмай жатса, үкімет кеткен шығынның орнын толтырады» дейді. Яғни, оны бюджеттен және квазисектор арқылы төлейміз. Яғни, шығынды қайтаратын халықтың өзі. Басқа кім болушы еді? Басқаша болған да емес еді ғой? Сүлейменовтен 2014 жылы Әзірбайжан Банкіне инвестиция ретінде өтіп кетіп, қайтпай қалған Зейнетақы Қорының «250 млн доллары қайда?» деп сұрап көріңізші.  «Мен емеспін» деп, азар да безер болады. Шынымен де ол ақшаны аударып жіберген бұл емес қой. Ал Тимур жұмсап жібермекші ақшаның сұрауы келгенде, оның өзін де таппай қаламыз.

Смайылов зейнет қорындағы ақшаны инфляциядан қорғап қалу үшін «ол ақша жұмыс істеуі керек» дейді. Ал, үкімет қашан жұмыс істейді? Биыл бюджетке Ұлттық Қордан бөлінген 5,3 триллион мен біз көтеріп отырған 1,5 триллион теңге Смаилов кабинетінің тапқаны емес. Энергетика саласындағы коммуникациялық желілердің, қуат өндіруші көздердің әбден ескіріп кеткені баяғыдан белгілі. Міне, осы проблеманы шешу бұлардың міндеті. Халық ол игіліктерді пайдаланғаны үшін, жыл сайын қымбаттай беретін, тарифпен  төлеп отыр. Сол ақша қайда кетіп жатыр? Неге инфрақұрылымға жұмсалмайды? Сол нысандардың «қызығын», талай жылдар бойы, көріп келген «клебановтардан» неге өндірмеске? 

Министр Сәтқалиев өзі ұсынып отырған жобаларға сенімді,  «энергетика дамиды, инвестиция салуға тартымды сала болады» дейді. Тарифтер елдің қалтасына ауыртпалық салмайды екен.  Керемет қой! Бірақ, тариф елдің көңілінен шығып жатса, яғни, инвестор қалағандай қымбат болмаса, ол  пайданы ауадан ала ма? Сөйтсек, бұл жоба қысқа мерзімге емес, «25 жылға есептелген. 25 жылда салынған ақша өзін өзі ақтайды», дейді. Мәссаған! 25 жылда кім бар, кім жоқ? Соншама мерзімге инвестор  ақша салушы ма еді? Мыналары нағыз «қожанасырлық» қой!

«Қойды баға алмаған арам өлтіреді» дегенді аталарымыз біздің осы заманғы билікті меңзей айтқан ба деп те қаласың. Қай жобасын алмасаң да қисық-қыңыр. Оңған біреуі де жоқ. Планшет шығарамыз деп ашқан зауытымыз кейін мөшек тігіп кетті. Био отын өндірмекші зауытымыз кәдімгі «самогон» айдайтын цех болып шықты. Қаншама «нұрлы» бағдарлама, бөлінген миллиардтармен бірге,  құрдымға кетті. Тізе берсек, жүйкеміз шаршайды, өкінеміз. Зейнет ақы қорының инвестициялық портфеліне көз жүгіртсек, ондағы ақшаның ешқандай да табысты жобаларға, яғни, әлемдегі танымал, табысты компаниялардың акциясына емес, елдің ішіндегі болашағы күмәнді жобаларға ғана салынып жатқанын байқаймыз. Яғни, болашақ зейнеткердің зейнетақысының молырақ болуына,  тұрмыс-тіршілігінің жақсырақ болуына үкімет мүдделік танытып отырған жоқ. Егер Норвегияның осы сияқты қорының мысалын алсақ, ол қордың қаржысы, яғни, норвегтердің зейнетке жиған ақшасы әйгілі технологиялық алыптардың құнды қағазына, дамыған елдердегі жылжымайтын мүлікке  салынғанын көреміз. Яғни, табысы еселеп өсіп жатыр.

Осы екі қордың сайтына кіріп, өздеріңіз де таныса аласыздар.  Норвегтердің сайтында бәрі қолмен қойғандай, анық әрі кімге болса да түсінікті.  Мыншама миллиард мына акцияларға, соншама миллиард ана мүлікке, одан түсетін инвестициялық табыс соншама деп, тайға таңба басқандай көрсетіп қойған. Яғни, ешкім де кәртайғанда ақшасыз қаламын деп қорықпайды, ұйқысы тыныш, ертеңіне бек сенімді. Жиған-тергенін жылпостардың түрлі күмәнді жобаларға салып, «жұтып» қоймайтынын біледі. Ал, біздің Қордың сайтындағы есепті түсіну мүмкін емес. Әдейі солай істеп қойған ба дерсің.

Қордағы ақшаның 15 трлн теңгесі Ұлттық Банктің басқаруында. Оның тең жартысын қаржы министрлігінің облигацияларына салған. Яғни, біздің ертеңге деп жиған ақшамызды үкімет бүгін жұмсап, қызығын көріп отыр. Демек, оны қосымша салық деп те қарастыруға болады. 11 пайызы, яғни, 1, 6 трлн теңге квазимемлекеттік компаниялардың облигациясында жатыр. Одан түсетін табыс, теңгемен, жылына 11 пайыз, АҚШ долларымен 5,5 пайызды құрайды. Тіпті, банктердің депозитке қосатын үстеме пайызынан да төмен. Былтырғы инфляция деңгейі түрлі деректерге қарағанда 20 пайыздан жоғары болғанын, биыл да үкімет инфляцияны ауыздықтай алмай отырғанын ескерсек (қашан ауыздықтап еді?),  зейнет ақы қорындағы ақша ешқандай да табыс әкелмейді! Осылай жалғаса берсе,  қордаланған бар ақшаның «күйіп»  кетуі де ғажап емес. Үкіметтегілер де жаңағы әрекетке соны түсінгеннен  барып отырған жоқ па екен?

Ал, Смайылов, Сәтқалиев, Сүлейменов болып ұйымдасқан топ «жасыл» энергетиканы дамытамыз деп, тамақтарын «жыртып» жатқанда, жаңағы ҚазТАГ-та Ұлытау облысында салық комитетінің,  құны 75 млрд теңге,  жел қуатынан энергия өндіретін «жасыл» жобаны заңсыз бұғаттап тастағаны туралы жария болды. Ол туралы прокуратура мәлімдеген.  Сонда, мына қасқалар шынымен де елдегі энергетиканы дамытпақшы ма, әлде көздеген басқа мақсаттары бар ма?

 

 

 

Ұсынылатын