Зейнетақының 70 пайызын мемлекет ұстап қалады – қарттар үйінің тұрғындары

87 жастағы Жайсаңбай Қаңтарбаев Алматыдағы “Шаңырақ” қарттар үйінде тұрады. Ол Нұрсейіт Жылқышыбайдың “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына сұхбат беріп, өміріндегі қиын да, қилы тағдыры туралы айтып берді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Жайсаңбай Қаңтарбаев Алматыда дүниеге келген. Оның айтуынша, туғаннан бір көзі көрмейді екен. Ол қарттар үйіне қалай келгендігі және ондағы өмірі туралы айтып берді.
“Адам өз-өзіне дәрігер. Денсаулыққа немқұрайлы қарауға болмайды. Арасында дәрігерлердің де тілін алып тұру керек. Алланың адамға берген үші қасиеті бар ғой. Ақыл, мінез, тағдыр. Осы үшеуі бір анадан 10 тусаң да, бір-бірімен ұқсамайды. Бұл тағдырдың жазуы. Біреулер тумай жатып та о дүниелік болып жатыр ғой”, - деді Жайсаңбай Қаңтарбаев.
Жайсаңбай Қаңтарбаевтың айтуынша, ол өмірде перзент сүймеген. Әйелі қайтыс болғаннан кейін, екінші рет үйленіпті. Бірақ ол жары да бала таппай, көз жұмған.
“Жалғыз қалдым. Кемпірім өлді, үй жоқ. Қайда барам?! Ол жағынан қарағанда бұл үйді дұрыс салған. Шетелде бар екен деп Нұрсұлтан ашқызды ғой. Онысына рахмет. Бірақ әлгіндегідей жөнсіздік жасады. Әйтпесе айналдырған бізден 70 пайыз зейнетақыдан ұстап қалу – оның қай жыртығын жамайды? Өзі қол қойған заң бар. Бұл жерде тұрған адамдар толық мемлекеттің қарамағында дейді, бірақ сол адамдардан үкімет 70 пайыз ұстап жатыр. Бұл қаншалықты әділетті?”, - дейді Жайсаңбай Қаңтарбаев.