Жейтін тамағы болмаған: Павлодарда 8 айлық бала аштан өлді
Павлодарда 8 айлық бала аштан өлді. Инсайдердің жазуынша, шешесінің омырауынан сүт шықпаған, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы журналист Оңғар Қабден өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
“ХХІ ғасырда балалар аштан өліп жатыр. Палестинада емес, Павлодарда! Павлодар облысы, Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентінде 8 айлық бала аштан өлді. Шешесінің омырауынан сүт шықпай (жейтін тамағы болмаған деген де ақпарат бар), бала содан қайтыс болған дейді. Дәрігерлердің жазуынша баланың жасына салмағы сәйкес келмеген. Қазір облыс әкімі Екібастұзда шұғыл жиын өткізіп жатыр. Соңғы кезде Екібастұздың аты бала өлімімен қатты шығып тұр. Екі үш күн бұрын ғана 7 жасар қызды шешесі өлтіріп, көңілдесі екеуі көміп тастағаны туралы БАҚ шулап еді. Енді міне 8 айлық бала. Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын Екібастұзда бір үйден 4 "маугли" бала табылған еді”, - деп жазды Оңғар Қабден.