Жемқорлықпен ұсталған БҚО әкімінің бұрынғы орынбасары айыппұлмен құтылды
БҚО әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Балтаевқа сот үкім шығарды. Сыбайлас жемқорлықпен ұсталған шенеунік жазаны айыппұлмен өтемек, деп хабарлайды Uaqyt.info.
БҚО-да Ержан Балтаев пен "Aqjaiyq ӘКК" басқарма төрағасының бірінші орынбасары Артур Досқалиевке сот үкім шығарды.
Яғни Ержан Балтаевқа 2 500 АЕК немесе 8,6 миллион теңге айыппұл салынды. Оған қоса, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ал Артур Досқалиев 1 000 АЕК немесе 3,4 миллион теңге айыппұл төлеуі керек. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Олар сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде айыппұлды төлеуге тиіс.
Белгілі болғандай, Балтаев Досқалиевке нақты жұмыс істемейтін, бірақ бірнеше ай бойы жалақы алған екі адамды жұмысқа қабылдауды тапсырған. Осылайша мемлекетке 1,9 миллион теңге шығын келтіріліп, Балтаев пен Досқалиев мұны бірден өтеп берген. Кейін БҚО әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаевты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат пайда болды. 3 тамызда облыс әкімінің баспасөз қызметі шенеуніктің қызметінен босатылғанын хабарлады.