Saturday, 23 November,2024

Жер-Ана Алматыны жақсылап тұрып бір сілкіп алды

Uaqyt.info
Фото

Алматыда тұрғындардың зәре-құтын қашырған жер сілкінісі болды. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер асты дүмпуін тіркеді. Қуаты – 5 балл, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Алматыда қатты жер сілкінісі болатыны туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде жиі айтылған болатын. Алайда 15 қаңтарда тараған желідегі ақпаратты ТЖД жоққа шығарған еді.

Араға бірнеше күн салып қала тұрғындарының зәресін алған тербеліс болды. Жұрт далаға сабылып, тұрғындар қаладан жаппай кете бастады. Соның салдарынан көшелерде үлкен кептеліс пайда болды.

Құдай сақтағанда зардап шеккендер және қираған ғимараттар туралы ақпарат жоқ.

«Ғимараттардың қирауы мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Тыныштық сақтауларыңызды сұраймыз. Қауіпсіздік мақсатында келесі ескертуге дейін далаға шығу керек», - деді Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев.

Ал Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайды деп сендірді. Сондай-ақ мамандар жер сілкінісі кезінде паникаға қатты берілмеуге және қарапайым қорғану ережелерін сақтауға шақырады.

Ұсынылатын