Жер сілкінісіне дайынсыз ба? Алматыда сейсможаттығу өтеді
Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев мәлімдеді. Оның айтуынша, дабыл жүйесі қалада 23 ақпанда қосылады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
«Басты мақсат – қала тұрғындарының төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындық деңгейін арттыру. Олар алдын ала эвакуациялау жолдарын, қауіпсіз жерлерді анықтап, апаттық сөмкелерді дайындайды. Қауіпсіз орындар - бұл электр желілері мен ғимараттардан алыс ашық жерлер. Барлық тұрғындарды белсенді қатысуын сұраймыз», деді Атығаев.
Ол қалада жыл сайын 200-ге дейін әлсіз, байқалмайтын дүмпулердің болатынын еске салды.
«Бірақ сейсмологтардың айтуынша, қалада магнитудасы жеті және одан да жоғары жер сілкінісі күтілмейді. Сондықтан дайындықтың жер сілкінісін күтуге еш қатысы жоқ», деді ол.