Жетісайдан Астанаға шыққан автобус апатқа ұшырап, екі адам қаза тапты
Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 720 шақырымында жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, екі адам мерт болды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Polisia.kz жазды.
7 тамыз күні сағат 18:00 шамасында республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 720 шақырымында жол апаты орын алды. Van Hool автобусының оң жақ доңғалағы жарылып, жолдың екі жақтамасын бөліп тұратын темір қоршауды қиратқан.
Осылайша, автобус қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан МАН жүк көлігінің артқы тіркемесіне соқтығысады.
Салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапса, ауруханаға жеткізілген 18 жолаушының бірі жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Аталған автобус апатқа дейін Жетісай қаласынан Астана қаласына жолаушы тасымалдаған.
Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.