Жетісу және Алматы облыстарында еріген қар суы аулаларды басып қалды
Күннің күрт жылынуынан еріген қар суы тұрғындардың әбігерін алып жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Жетісу облысында егістік жерлерде қардың қарқынды еруі нәтижесінде Алакөл ауданы Бескөл станциясында шамамен 10 жеке тұрғын үйдің ауласын су алды.
Облыстық ТЖД мен жергілікті атқару органдарының 15 адамы, 5 техникасы және 3 мотопомпа көмегімен еріген қар суын бұру және суару каналын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Оқиға орнына ТЖД бастығымен бірге 25 құтқарушы, 4 техника және 6 мотопомпа шыққан.
Ал Алматы облысында температура фонының жоғарылауына байланысты қардың мол еруі және егістік алқаптарынан еріген судың ағуы байқалды.
Салдарынан Қосқұдық ауылындағы Түрксіб көшесіндегі 5 ауланы су басқан, осы көшенің бойында барлығы 30 тұрғын үй орналасқан. ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдар экскаватордың көмегімен жиналған еріген суды ағызу жұмыстарын жүргізді.
Жұмысқа 30 қызметкер, 5 техника және 3 ТЖД мотопомпасы, 4 адам және ЖАО техникасы жұмылдырылды. "Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ, келіп түсетін су деңгейі де төмендеген", - делінген хабарда.