Жүк көлігін тізгіндейтін қаршадай қыз көпті тәнті етті
Ауыр жүк көлігін тізгіндейтін 18 жастағы Жанель Иманбай Қазнеттің жұлдызына айналып үлгерді. Көптің қызу талқысына түскен блогермен Uaqyt.info тілшісі сұхбаттасты.
Instagram-дағы қызықты видеолары арқылы көптің көзайымына айналған Жанель Иманбай Алматы облысының Іле ауданына қарасты Қараой ауылында дүниеге келген. Қызықты контент жасаумен аты шыққан қыз көпшілікке бұлай таныламын деп ойламадым дейді. Оның айтуынша, парақшасына оқырмандардың жаппай жазылуына ауыр жүк көлігін тізгіндеуі себеп болыпты. Өйткені Жанель көп ер азамат бағындыра алмайтын темір тұлпарды еркін тақымдап жүр.
“Блогерлікті бастайын деген ой үш ұйықтасам да ойымда болған жоқ. Инста парақшама естелік ретінде әкеммен түскен видеоларды жүктеген болатынмын. Оқырмандардың көбі менің жүк көлігін тізгіндегенімді қызықтайды, сол туралы көптеген сұрақ жолдап жатады. Алғаш ЗИЛ көлігіне 16 жасымда отырдым. Әкем көмір, құм тасумен айналысады. Әу баста қиын болғанымен, қазір үйреніп кеттім. Жүргізуші куәлігін алсам, әкеме көмектесіп, ары-бері жүк тасымалымен өзім де айналыса беремін”, - деді Жанель Иманбай.
Жанел қазір колледждің бірінші курс студенті. Мамандығы – аудармашы. Бірақ шопыр қыз болашақта әскери қызметкер болуды армандайды.
“Арманым әскери қызметкер болу еді. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін ол жаққа оқуға түсе алмадым. Қазір колледждің бірінші курсында аудармашы мамандығы бойынша оқып жатырмын. Әр апта сайын ауылға барып, ата-анама жәрдемдесіп тұрамын. Малдың астын тазалаймын, үй жинаймын. Ең әуелі мақсатым – ата-анамды разы ету. Болашақта дайындалып, әскери оқуға тағы тапсырып көрсем деймін. Ал блогерлікті қосымша алып жүре беремін ”, - деді блогер.