Monday, 16 September,2024

Жүргізушілер жұмысы таңғы 6-да басталады: Ел министрлері қандай көлікпен жүреді?

Алмас Абылай
Фото КазАқпарат

Елдегі лауазымды тұлғаларды таситын көліктер мен жүргізушілер жұмысы жайлы не білеміз? Мемлекеттік органдарға көлік қызметін ұсынатын ҚР Президенті Іс басқармасының Автошаруашылығының бүгінгі тынысы таныстырылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

ҚазАқпарат дерегіне сүйенсек, көлік жүргізушілерінің жұмыс күні таңғы 6-да басталады. Олар желіге шығар алдында міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді, қан қысымы өлшеніп, алкоголь ішкен-ішпегені тексеріледі. Осылайша, күн сайын 330 көлік жолға шығып, мемлекеттік орган өкілдерін тасиды. Түнгі уақытта 6-7 көлік кезекшілік етеді.

"Біздің ұжым мемлекеттік органдарға, сонымен қатар министрлерге, вице-министрлерге, агенттік басшыларына, шетелдік делегацияларға, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғаларға жоғары сапалы және қауіпсіз көлік қызметін ұсынады. Министрлердің маңызды шешім қабылдауы үшін, қажетті орындарға баруы үшін көлік керек. Шетелдік делегациялар келгенде де протокол бойынша жоғары класты көліктер берілуі тиіс. Еліміздің имиджі үшін бұл өте маңызды", - дейді автошаруашылық директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Светлана Бакижанова.

Автошаруашылық аумағы 3,2 гектарға жетеді. Бұл аумақта 3 қабатты гараж, кеңсе, медициналық бекет, жөндеу-механика бөлімі, көлік жуатын орын, тіпті жанармай құятын арнайы колонкалар да қойылған. Бұл нысанды ҚР Ішкі істер министрлігінің полиция полкі тәулік бойы күзетеді. Кәсіпорынның іскерлік этика жөніндегі кодексіне сәйкес жүргізушілер ақ жейде, костюм киіп, галстук тағады. Машина да жуылған, таза, артық иіссіз болуы қажет. Күн сайын қадағалау-өткізу бекетіндегі механиктер көлік пен жүргізушіні тексеріп, жанармайын толтырып, содан кейін ғана желіге шығарады.

Автошаруашылық гаражында түрлі маркадағы 400-ге жуық көлік бар. Жыл басынан бері КИА К9, Hyundai H350 сынды 20 көлік сатып алынған. Сондай-ақ, қауіпсіздік мақсатында Мемлекеттік күзет қызметімен қорғалатын тұлғаларға брондалған көліктер беріледі.

Жүргізушілер қалай іріктеледі ?

Автошаруашылықта 244 жеке жүргізуші, 72 кезекші және 53 автобус жүргізушісі жұмыс істейді. Оларды іріктеу өте қатаң жүргізіледі, біліктілігі жоғары, ең тәжірибелі мамандар ғана жұмысқа қабылданады. Сондықтан да жүргізушілердің орташа жасы – 30-дан жоғары.

Автошаруашылықтың қауіпсіздік қызметі кезең-кезеңімен жүргізушілердің білімі мен тәжірибесін тексеріп отырады. Ол үшін жолда жүру ережесі бойынша тест тапсыратын компьютерлер мен арнайы тапсырыспен жасалған көлік жүргізу тренажеры тұр.

Ұсынылатын