Журналист Думан Мұхамедкәрімнің қарт ата-анасы аштық жариялады
Таяуда ғана бостандыққа шығып, екі күннен кейін қайта қамауға алынған журналист Думан Мұхамедкәрімнің ата-анасы аштық жариялады. Олар ұлын босатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Елгезек өзінің Facebook -тегі парақшасында жазды. Онда ол Мемлекет басшысынан репрессияны тоқтатуды сұраған. Ал Думан Мұхамедкәрімнің ата-анасы ұлын босатуды талап етіп отыр.
“Ұлым Думанды дереу босатсын! Ол террорист емес! Заңсыз түрде ұстап әкеткеніне қарсымын. Сондықтан бүгінгі күннен бастап аштық жариялаймын. Оны ұстап әкеткен полиция бөлімінің екі қызметкері көшеге шашын алдыруға барған жерінен ұстап алып, көлікке күштеп отырғызып, көлігін далаға тастап, өзін алып кеткен. Қайта 25 тәулікке соттап отыр. Босап шыққанына 2-ақ күн болатын. Апелляция сотына беріп едік, олар да заңсыздықты көздерін жұмып, өзгеріссіз қалдырды”, – деді журналистің әкесі Алмаз Тілепов.
Бұл мәселеге қатысты мәжіліс депутаты Қазыбек Иса да өз пікірін білдірді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Ішкі істер министрлігіне сауал жолдады.
“Журналист Думан Мұхаммедкәрім бір жерді қиратып, біреуге зақым келтіріпті дегенді естіген жоқпыз. Қоғамға одан қандай қауіп бар? Енді қарт әке-шешесін осындай қапырық ыстықта аштық жариялататындай мәжбүрлікке түсіру қиянат емес пе?!. Думанды бір айдың ішінде үш рет тұтқындау, қамаудан шыға салған күннің ертеңіне дүкенге барған жерден көшеден ұстап алып, басып алып кету қаншалықты заңды? Бұл “шаш ал десе бас алуға” дайын тұратын полицияның басынуы емес пе?!.Сөз бостандығын шектеу бас бостандығын шектеуге жалғасып кете беруі жақсылық емес! ҚР Ішкі істер министрлігі бұл іске әділ қарауы, жұрттың талабын ескеруі тиіс, министр Марат Ахметжанов мырза!”, - деп жазды Қазыбек Иса.
Айта кетейік, Думан Мұхамедкәрім бұған дейін “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 25 тәулікке қамалған болатын.
@qazaqca_monarhiya 🆘 СЫНШЫЛ ЖУРНАЛИСТІҢ ҚАРТ АТА-АНАСЫ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ: ҰЛЫМЫЗ НАҚАҚ-ЗАҢСЫЗ ТҮРМЕДЕ ОТЫР #думанмұхаммедкәрім #думанмухамедкарим #думанмухамедкаримов ♬ оригинальный звук - Q азакка монархия