Friday, 22 November,2024

Журналистерге жауап беруден қашқан Ардақ Назаровқа ескерту беріледі – Қошанов

Алмас Абылай
Фото facebook.com/Аслан Каженов

Депутат Ардақ Назаровтың әрекетіне қатысты Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Uaqyt.info.

«Бүгін депутаттардың бірінші отырысы болды. Әрине, мен Парламент спикері ретінде және өзге де басшылар депутаттармен жұмыс жүргізіп, журналистерге байланысты талапты жеткіземіз. Бұған дейінгі жетінші шақырылымда ондай оқиғалар болды деп мен айта алмаймын. Солай ғой?! Сондықтан, біз де оны қайталамауға тырысамыз. Әрине, журналистермен кездесу, сіздерге сұхбат беру – бірінші кезекте біздің мүддеміз. Себебі сіздер арқылы халыққа жасап жатқан жұмысымызды жеткізу қажет» - деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов депутаттарға тілшілерден қашпай, сұрақтарына мейлінше жауап беру керектігін ескертті. 

«Ардақ Назаров біздің регламентті бұзатын болса, әрине, ескерту беріледі. Журналистердің сұрағына жауап бермеген екен деп, депутаттық мандатынан айыру заңда қарастырылмаған. Депутат өзі құқылы - жауап бере ме, жоқ па? Бірақ жауап беруі қажет» деді Ерлан Қошанов.

Айта кетейік, Ардақ Назаровтың тілшілерден қашқан видеосы қоғамда қызу талқыланған болатын. Депутаттың ант беру рәсіміне киіп келген киімі де әлеуметтік желіде сөз болып жатыр. 

"Мінберге шыққан Назаровтың шалбары шолақ сияқты көрінді маған. Сөзіме сенбесеңдер ютубтағы парламенттің каналын ашып, ант беру рәсіміне Ардақтың шығып келе жатқан сәтін көріңіздер. Тобықтан жоғары шауып тастапты. Асығып жүріп "пошив одежды" дегенде отыратын тәтелер келте қысқартып қойған", - деп жазды журналист Диас Нұрақын. 

 Uaqyt.info бұған дейін Назаровтың тілшілердің "Қаңтар шындығына" қатысты сұрағына жауап бермегені туралы жазған болатын. 

 

Ұсынылатын