Monday, 25 November,2024

"Журналисті шешіндіру қысым емес": ІІМ бірінші орынбасары Сандуғаш Дүйсенова ісіне түсініктеме берді

Алмас Абылай
Фото

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев журналист Сандуғаш Дүйсенованы полиция учаскесінде тыржалаңаш шешіндіріп, видеоға түсіру әрекетіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Сөзінше жалаңаштау қысым емес. Заңда ондай әрекетке рұқсат бар көрінеді.

«Сөз азаматқа жеке тінту жүргізу процедурасына қатысты болып отыр. Бұл тергеу әрекеті, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдар мен видео түсірілім жүргізу Қылмыстық іс жүргізу кодексінде регламенттелген. Бұл ертең азамат бір затын алып қойды деп айтпауына сенімді болу үшін жасалады. Басқа мақсат – адам органдардың арнаулы бөлімшелеріне түскен кезде кейіннен өзіне дене жарақатын салғанын айтпауы үшін», - деді Марат Қожаев.

Сондай-ақ, ол қылмыстық кодексте регламенттелген процедура барлық адамға бірдей екенін де айтты. Әрі тергеу қорытындысы аяқталғанда кемшілік анықталса кешірім сұрауға дайын екеніне тоқталды.

Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында журналист Сандуғаш Дүйсенованың қамауға алынғаны қоғамды дүр сілкіндірді. Тіпті кейіннен қапаста оны тырдай жалаңаш шешіндіріп, сағын сындыру үшін қысым көрсетілгені де жазылды. Бірақ көп ұзамай ел-жұрттың араласуымен оны үй жағдайында ұстау шарасымен шығарған болатын.

Сандуғаш Дүйсенова осыдан 1 жарым жыл бұрын адам өлтіргені үшін қамауға алынған қылмыскердің жеке мәліметтерін жариялады деген күдікпен тергелуде.

Ұсынылатын