Sunday, 8 December,2024

Жылағанына шыдамаған: Шымкентте ер адам баланы үшінші қабаттан лақтырып жіберді

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Шымкентте үшінші қабаттың терезесінен баланы лақтырып жіберген ақыл-есі кем ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында баланы үшінші қабаттан лақтырып жіберген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Соттың шешімімен ол емделуге жіберілетін болды. Өйткені айыпталушы ұзақ уақыт бойы шизофрениямен ауырған.

Айта кетейік, Шымкентте болған жағдай көптің төбе шашын тік тұрғызған болатын. Ер адам әпкесінің баласының жылағанына шыдамай үшінші қабаттан лақтырып жіберген еді. Алған жарақаттан балақай көз жұмды.

“Судьяның қорытындылары куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, бірнеше сот сараптамаларының қорытындысымен расталады. Прокурор Мырзахановты ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген іс-әрекетті ақыл-есі кем күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатуды және оған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы шараларды тағайындауды және іс жүргізуді тоқтатуды сұрады. Жәбірленушілер мен қорғаушы тарап прокурордың ұстанымымен келісті”, – деді Шымкент қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.

Айыпталушының ұзақ уақыт бойы шизофрениямен ауыратыны белгілі болды.

“Мирзахановқа шизофрения диагнозы қойылған. Ол ұзақ уақыт бойы есепте. Бұл жерде адамның өз-өзін ұстай алмауы, яғни психикалық ауру екендігі де маңызды рөл атқарады. Баланың жылауы осындай қылмыс жасауына итермеледі. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бізде тек есі дұрыс адамдар ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Есі дұрыс емес, яғни психикалық ауытқуы бар адамдар жауапкершіліктен босатылады. Бірақ олар ұдайы бақылаудағы психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп емделуге жіберіледі", – деді сот.

Ұсынылатын