Friday, 27 December,2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалдары әлемнің бірнеше мемлекетінде бар

Uaqyt.info
Фото

90 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститетінің филиалдары әлемнің бірнеше мемлекетінде жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғызстанның астанасы Бішкектегі филиалдар 2022 жылы ашылған болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Атап айтсақ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ыстамбұлдағы филиалы 2022 жылдың 11 мамырында ашылды. Дәл сол кезде  Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барған болатын. Қазіргі таңда екі тарап ғылым мен білімнің озық әдістерін, ұтқыр ұғымдарын игеру үстінде.

Араға 15 күн салып дәл сондай филиал Бішкекте ашылды. Ашылу салтанатына қос елдің президенттері, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі және Қырғызстан Республикасының Білім және ғылым министрі қатысты.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, Бішкектегі филиалда бакалавриат және магистратура бойынша 13 білім беру бағдарламасы енгізілген. Қазіргі таңда онда биомедицина, юриспруденция және компьютерлік инженерия бойынша студенттер білім алып жатыр.

Сондай-ақ дәл осындай филиал Ресейдің Омбы қаласында да бар екенін айта кеткен жөн. Бұл туралы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры Сергей Замятин былай деп пікір білдірген болатын.

“Ресейде қазақ университетінің алғашқы филиалының ашылуы – біздің облыс үшін ғана емес, еліміз үшін де айтулы оқиға. Біздің университет осы шетелдік оқу орнының базасы болу құрметіне ие болғанына қуаныштымыз. ҚазҰУ-мен өзара іс-қимылымыз ұзақ мерзімді және жемісті болатынына сенімдімін”, – деді Сергей Замятин.

Айта кетейік, құрылғанына 90 жыл толған универститеттің беделі жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда оқу ордасы қытайдың 65 оқу орнымен, ондағы ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Соның нәтижесінде, Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орнатылды.

Сондай-ақ, биылғы қараша айының басында ҚазҰУ-да жоғары білім беру мәселелеріне арналған QS Higher Education: Asia Pacific 2024 пре-саммиті өтті. Халықаралық шара QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жиынға 150 мемлекеттен, атап айтқанда Қытай, Жапония, Индонезия, Үндістан, Малайзия, т.б. өзге елдерден келген 350-ге жуық ЖОО ректорлары, халықаралық сарапшылар және отандық жоғары білім басшылары қатысты.

Бұдан бөлек, ҚазҰУ қалашығын жандандыру жұмыстары да жүйелі жалғасып жатыр. 90 жылдық мерейлі датаға орай Әл-Фараби университетінде жаңа орталықтар бой көтеріп, жатақханалар күрделі жөндеуден өтті. Бұл туралы біз бұған дейін жазған болатынбыз.

Ұсынылатын