Алматыда 4 ауданның әкімі ауысты
Алматыда 4 ауданның әкімі ауысты. Бүгін қала әкімі Ерболат Досаев жаңа тағайындалған шенеуніктерді таныстырды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Әкімдік дерегіне сүйенсек, Наурызбай, Әуезов, Бостандық және Алмалы аудандарының әкімдері ауысқан.
Яғни, Наурызбай ауданының әкімі болып Назира Тоғызбаева тағайындалды. Ол 2021 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып жұмыс істеген.
Ал Әуезов ауданының әкімі қызметіне Абзал Егембердиев тағайындалды. 2022 жылдың тамыз айынан бастап Егембердиев қаланың мемлекеттік активтер басқармасын басқарды.
Бостандық ауданының әкімі Санджар Алин болды. Тағайындалғанға дейін ол энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Алмалы ауданын Айдар Жақыбаев басқарады. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы болды.