Monday, 25 November,2024

"Арандатушылық": Діни басқарма құран өртеу әрекетін Алланың әділ үкіміне тапсыратынын мәлімдеді

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құран өртеу әрекетіне байланысты пікір білдірді. Онда бұл мәселенің арандатушылық екені айтылған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Діни басқарма құран өртеуді бүлікшілердің әдейі арандату мақсатында ұйымдастырып жатқанына тоқталған. Әрі бұған алданып қалмай, Алланың әділ үкіміне тапсыруды жөн деп санаған абзал делінген жазбада.

"Соңғы кездері Еуропаның бірқатар елдерінде күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті болған Құран Кәрімді өртеу оқиғалары жиі орын алуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шыққан әрекетке алаңдаушылық білдіреді және бассыздыққа жол берген жандардың ісін қатаң айыптайды, сонымен қатар азаматтарды бүлікшілердің арандатуына алданып қалмауға үндейді. Расында жер бетіндегі барша мұсылман баласы үшін қасиетті де қастерлі болған Құранды өртеу – шектен шығудың ең үлкені. Бұл – адамгершілікке мүлде жат іс. Олар өздерінің сорақы әрекетімен бүкіл әлемге бүлік салуды көздейді. Адамзатты екі дүние бақытына жетелейтін Құранды өртеген жандарды Алланың әділ үкіміне тапсырамыз. Алланың сөзін қорлағандар Оның қатты азабына ұшырайтыны ақиқат. Бүлікшілер өрескел ісімен өздерінің адамға тән болмысын қорлауда. Масқара әрекетімен өздері масқара болуда", - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін Швеция мен Данияда тұрғындар ашық түрде құран өртеу шарасын ұйымдастырған еді.

Ұсынылатын