Белгілі меценат Астанадан мешіт құрылысын бастады
Танымал меценат, «Beles» құрылыс компаниясының директоры Махат Төреәлі Астанадан мешіт құрылысын бастады. Құдай үйі Қосшы қаласынан бой көтермек, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ізгі жаңалықты Махат Төреәлі өзінің Instagram-дағы парақшасында бөлісті.
“Өздеріңізге қуанышты жаңалығымды хабарлағым келіп отыр.
Алла қаласа, Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында жаңа мешіттің құрылысын бастадық.
Әрине, күмбезі көкпен таласқан құлшылық үйі кез келген елді мекенге көрік беретіні сөзсіз. Өз басым жамағатқа осындай сый жасауды біраз жылдан бері армандап, іштей жоспарлап жүр едім. Құдай сәтін салып, сауапты істі жүзеге асыруға бекіндім.
Мешіттің іргетасын қалау рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, қатысты. Батасын беріп, ақ жол тіледі.
Осыдан 2 жыл бұрын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қосшыға қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Аллаға шүкір одан бері Қосшыдағы халықтың саны 80 мыңнан асып, әлдеқайда көбейе түсуде.
Бұрынғы мешіт ескі мешіт 20 жыл бұрын салынған. Сол үшін жамағатқа мешіт сияқты рухани орда керек деп санаймын. Осы құлшылық үйінің құрылысын сол мақсатпен қолға алып отырмыз.
Алла сәтін салса, «Ондыбай ата» атындағы 500 адам сыятын мешітіміздің құрылысы келесі жылы тамызда толық аяқталуға тиіс. Жанында балаларға діни білім беріп, иманын байыта түсетін медресе болады.
Құдай баршамызға бақ-береке берсін, ісімізді оңғарсын!
Келер жылы жұртшылықтың қуанышына ортақтасып, жаңа мешіттің ашылу рәсімін өткізу баршамызға нәсіп болсын!”, - деп жазды Махат Төреәлі.
Айта кетейік, бұған дейін Uaqyt.info Махат Төреләнің бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайға Астананың қақ ортасынан пәтер сыйлағанын жазған болатын.