Болат Атабаев жайлы фильмге қаражатты Мақсат Толықбай беретін болды
Күрескер, режиссер Болат Атабаев туралы “Мың жылдық ойын” деректі фильміне қаражатты мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай тауып беретін болды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы журналист Қанат Тілеухан өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Онда ол халықтан ақша жинауды тоқтататынын, деректі фильмге керекті қаражаттың табылғанын жазған.
“Бұйырса бес күннен кейін түсіру жұмыстарын бастаймыз. Краудфандингті тоқтатамыз. Бәріңіздің достық пейілдеріңізге, қолдауларыңызға рақмет. Жылы сөздің өзі үлкен медеу. Аздаған қаражат түскен еді. Оны қазір қайта салып жіберемін. Бір байқағаным тілектес жандардың қатары мол екен. Бәріңізге Жаратқан разы болғай.
Ал енді қаржыға келетін болсақ. Қаржы табылды. Өзіміздің әріптесіміз, ініміз Мақсат Толықбай тауып беретін болды. Мәкеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Болат аға тіріліп келсе, краудфандинг деген не тағы. Тоқтатыңдар мынандайларыңды. Зачем меня возвышать? деп сөйлер еді.) Ол кісінің лексиконы сұмдық қой. Тағы да бәріңізге рақмет!”, - деп жазды Қанат Тілеухан.
Uaqyt.info бұған дейін Қанат Тілеуханның “Мың жылдық ойын” деректі фильмін түсіру үшін елден ақшалай көмек сұрағанын жазған болатын.