- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- "ҚазАвтоЖолдың" билікпен ым-жымы бір ме? Бетон жолдың былығын ашқан журналист айыппұл арқалады
"ҚазАвтоЖолдың" билікпен ым-жымы бір ме? Бетон жолдың былығын ашқан журналист айыппұл арқалады
"ҚазАвтоЖол" компаниясының былығын бетіне басқан журналистке айыппұл салынды. Бұл туралы Диас Нұрақын әлеуметтік парақшасында жазды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ол полиция бөлімшесіне шақырылып, онда айыппұл арқалағанын айтады. Сонымен қатар ондағы құзырлы органның Ұлттық компания мердігері ығына жығылғанын да жайып салған.
"Бетон жолдың жігіндегі пенопластты алып тастағаным үшін айыппұл арқаладым. Алматы облысы Полиция Департаменті "Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да құрылыстарды немесе жол жүрісін реттейтiн техникалық құралдарды бүлдiру" деген бап бойынша 6900 теңге айыппұл салды. Бірақ хаттамаға "келіспеймін" деп жазып, қол қойып бердім. Өйткені біржапырақ пенопласт жол жабындысына да техникалық құралға да жатпайды. Десе де полицейлер даулы видеоны көре тұра, менің емес Мехметтің жазған арызына сүйеніп, хаттама толтырды. Мойын жуан. Бұл айыппұлды қазір-ақ төлей салуға болар еді. Бірақ 120 млрд теңге жұмсалған бетон жолдың былығын ашқаным үшін мені "жазалап жатқандарын" түсіне алмадым", - дейді журналист.
Сонымен қатар ол бұл мәселенің мәніне терең үңілу үшін арнайылап жол мамандарынан, сарапгшылардан пікір сұрағанына да тоқталады. Олар бетон жолға пенопласт тығу дұрыс емесін айтса да, ашық компанияға қарсы шыға алмайтын көрінеді.
"Бәрі бірауыздан деформациялық шовтың ортасына пенопласт салуға болмайтынын айтты. Себебі бетон плита ары-бері жылжығанда оны реттеп тұратын резина (жгут) болуы тиіс екен. Ал пенопласт бетон қысылғанда жаншылып, үгітіліп кетеді дейді. Бірақ бұны ашып айтуға ақсақалдарымыздың бәрі қорқады екен. Өйткені "ҚазАвтоЖолдан" мереке сайын марапат, азын-аулақ сый-сияпат, кейбірі сарапшы ретінде нәпақа тауып отырғасын ашық айтуға жүрексінеді. Бір сөзбен айтқанда "ҚазАвтоЖол" "бәрін байлап", "мұрттарын майлап" жол саласын билеп-төстеп алған. Мұндай монополистпен тек қарапайым халық қана күресуге қауқарлы. Сондықтан өз ауылыңызда, ауданда, қалада, трассада ойылған, шұрық-тесік, "гармошка" болып кеткен сапасыз жол көрсеңіз, суретке түсіріп, АО "НК "ҚазАвтоЖол" және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі деген парақшаларды белгілеп, "БізгеЖақсыЖолКерек" деген хештегпен пост салайық. Халықтың салығы мақсатты жұмсалуы тиіс. Оны талап етуге толық құқымыз бар", - деп қорытындылайды жазбасын Диас Нұрақын.
Айта кетейік, бұған дейін бұл мәселеге байланысты бірқатар материал жазған едік.