Құлаған Ленин ескерткіші: ШҚО әкімдігі қайта жөндеу үшін ақша бөлген
Шығыс Қазақстан облысындағы қирап қалған Ленин ескерткіші қайта орнына қойылады. Әкімдік бұл жұмыстарға қомақты ақша бөлген, деп хабарлайды Uaqyt.info.
ҚазАқпарат дерегіне сүйенсек, ШҚО-дағы Алтай ауданы әкімдігі ескерткішті неліктен жөндеуге алғанын түсіндірді.
«Биыл қала тұрғындарының өтініші бойынша Ленин ескерткіші тұрған орталық алаңның техникалық жағдайына талдау жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оның құрамына қоғам өкілдері кірді. Соған орай орталық алаң мен ескерткішті абаттандыруға және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 1 млн 400 мың теңге бөлініп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заңына сәйкес конкурс жарияланды», - делінген жауапта.
Үш рет жүргізілген конкурстық рәсімдерден соң мердігер компания анықталған. Ол 15 тамызда жұмысқа кіріскен. Екі күннен кейін Лениннің ескерткіші құлап, қирап қалды.
Қазіргі уақытта полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да Ленин ескерткішін құлатқандар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін жазған едік.