Sunday, 8 December,2024

Рейдерліктің құрбаны болған “ЕР-ТАУ” ЖШС Президенттен әділдік сұрайды

Uaqyt.info
Фото

Астанадағы Кенесары мен Шевченко көшелерінің қиылысындағы көппәтерлі тұрғын үй кешенін салған “ЕР-ТАУ” ЖШС Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, құрылысы 2018 жылы басталған нысандағы пәтерлерді «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС үлескерлерге заңсыз сатып жіберген. Соның кесірінен “ЕР-ТАУ” зардап шегіп, өзіне тиесілі жер мен ғимараттан айырылып отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Рейдерліктің құрбаны болдық деген “ЕР-ТАУ” ЖШС туралы біз бұған дейін жазғанбыз. Осыдан бір ай бұрын Алматыға келіп, баспасөз мәслихатын өткізген компания бұл жолы Астанада бас қосты. Басты мақсаттары – үніміз Президентке жетсе дейді.

Мәселені басынан баяндайық. 2018 жылы “ЕР-ТАУ” ЖШС Астанадағы Кенесары мен Шевченко көшелерінің қиылысында көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын бастайды. Бүгінгі таңда жобаның 35 пайызы аяқталып, орындалған жұмыстың құны жер учаскесімен бірге 3905 800 927 теңгені құраған.

Компания өкілдерінің айтуынша, үйдің қаңқасы тұрғызылған сәтте  "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС деген пайда болады. Оның өкілдері келіп, “ЕР-ТАУ”-ға инвестиция салатындарын айтып, олар екеуара бір айға алдын ала келісімшарт жасасады. Даудың басы дәл осыдан кейін басталған. Сөйтсе, "Нұрлы Жол-К-2008" алаяқтық жолмен әлі құрылысы толық аяқталмаған ғимараттағы пәтерлерді сатып жіберген.

2021 жылдың ақпан айында біз пәтерлердің жаппай сатылып жатқанын біліп, дабыл қақтық. 25 ақпан күні құзырлы органдарға арыз жаздық. Алайда 2023 жылдың мамыр айына дейін олар ешқандай шара қолданған жоқ, арызымызды қарамады. Біздің ойымызша, олар неғұрлым көбірек пәтерлердің сатылып кетуіне мүдделі болған секілді. Біз мұны рейлерлік әрекет деп бағалаймыз. Келісімшарт бойынша, "Нұрлы Жол-К-2008" пәтерлерді сатуға ешқандай құқығы жоқ. Біз осыны алға тартып, құқық қорғау органдарына арыз түсірдік. Бірақ уәкілетті органдардың тарапынан ешқандай нәтиже болмады. Керісінше, олар бізді кінәлап, үлескерлердің алдында бізді борыштар етіп қойды. Әу баста "Нұрлы Жол-К-2008" үстінен алаяқтық бабы бойынша, іс қозғалғанмен, құқық қорғау органдары «Ер-Тау» ЖШС-не материалдық залалдың болмауына байланысты деген желеумен қылмыстық істі тоқтатып тастады” – дейді заңгер Еркінбек Мыңжанов.

Заңгердің айтуынша, «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС кесірінен зардап шеккен үлескерлердің шығыны «Ер-Тау» ЖШС-не ілініп отыр. Жәбірленуші тарап мұның артында сол кездегі ГАСК басқарма бастығы болған Дәулет Досқұловтың қатысы бар екеніне сенімді.

“Біз Досқұлов пен оның қолдан жасалған үлескерлерінің кесірінен бәрінен айырылып отырмыз. Қаншама шығынға баттық. Айтайын дегенім, әкімдік жанындағы ведомствоаралық комиссия рейдерлікпен айналысады. «Нұрлы жолдың» басшылығы қылмысы үшін сотталды, бірақ оған біздің қаншалықты қатысым бар дегенге ешкім бас қатырмайды. Ел Президентінен осы заңсыздыққа араласуын сұраймын!”, - дейді компания басшысы Мұрат Тасов.

Компания өкілдерінің сөзінше, қылмыстық іс жасырын түрде тергелген. «Нұрлы жолдың» алаяқтық әрекетіне еш қатысы болмаса да, «Ер-Тау» ЖШС-не солармен бірігіп, үлескерлердің ақшасына үй тұрғызды деп жала жабылған.

“Біз өз нысанымызды өзіміз салғанымызды дәлелдейтін барлық құжатты ұсындық. Бірақ бұл құжаттар қылмыстық іс материалынан алынып тасталды. Нысанды кім салғанын анықтау үшін бір ғана құрылыс сараптамасын жүргізу қажет. Бірақ тергеу мұны да істеп отырған жоқ. Тергеушілер білгенін істеп жатыр. Құрылыс жобасын тартып алу біріншіден әкімдікке, екіншіден үлескерлерге, үшіншіден алаяқтарға тиімді екенін жақсы біліп отырмыз. Өйткені келтірілген шығынның барлығы біздің мойнымызға ілінеді. Не прокуратура, не сот бізге құлақ аспайды”, - дейді жәбірленуші тарап.

Олар өз адалдықтарын дәлелдеу үшін тәуелсіз сараптама да жүргізген. Қорытындысы бойынша, құрылысқа «Нұрлы Жол-К-2008» ЖШС көк тиын да салмағаны анықталған. Алайда соған қарамастан, мәселе әлі күнге өз шешімін таппай келеді.

«Ер-Тау» ЖШС мәселеге араласуын сұрап, Президент әкімшіліне, Тоқаевтың атына және Бас прокуратураға хат жазған. Олардың басты талабы – өз мүлігін өздеріне қайтарып алу. Әзірге ол әрекеттерінен қандай нәтиже шығатыны белгісіз...

 

Ұсынылатын