Monday, 7 April,2025

Шетелдік инвесторға Жоғарғы соттың күші неге жетпей отыр?

Uaqyt.info
Фото

Астана әуежайын басқарып отырған шетелдік инвесторлар неліктен Жоғарғы соттың шешімін орындамай отыр? Бүгін осы сұрақ Алматыда талқыланды. Журналистердің басын қосқан кәсіпкерлердің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайға жаңадан келген шетелдік инвесторлар сонда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге күн көрсетпей келеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Баспасөз жиынында сөз алған кәсіпкер Айнұр Рахимова туралы біз бұған дейін бірнеше материал жазған болатынбыз. Сөйтсек, әу баста шешілді деген мәселенің басы сол күйі ашық қалғанға ұқсайды. Кәсіпкер келіншектің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайға жаңадан келген шетелдік инвесторлар осыған дейін сотта жеңілгеніне қарамастан, заң талабын орындамай отыр екен. Экономикалық соттың үш сатысынан өтіп, жеңіп шыққан кәсіпкер енді әділдікті кімнен сұрарын білмей дал.

«Маған ойламаған жерден жалға беруші директор хабарласып, «үш күнде босатыңыз» деген тапсырма берді. Себебін әлі күнге түсіндірген емес. Мен жалға беру ақысы өссе де, тіпті ол жерге жөндеу жүргізу керек болса да бәріне дайын едім. Маған тіпті, ешқандай талап, уәж айтылған жоқ. Әбден нарықты зерттеп, жолға қойылған кәсіпті жайдан-жай тартып алды деп білемін. Ол орында басқа бағытта дүкен жоспарланса оны да түсінемін. Тура менікі сияқты айырбастау нүктесі ашылды. Біз 24 түрлі валютаны айландырамыз. Қазір менде еңбек еткен 10 адам жұмыссыз жүр. Екі жыл ішінде 160-170 млн теңге көлемінде шығынға ұшырадық»,-дейді Айнұр  Рахимова.

Қыруар шығынға ұшыраған кәсіпкер еліміздегі ең ірі қалаларда өзінің ақша айырбастау пунктерін ашып, 10 жылдан аса табысты жұмыс істеп келеді. Бірақ соған қарамастан қысым тоқтамаған әрі соттың талабы орындалмай отыр.

“Біз қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймай отырған себебіміз, бізге басқа жақтан орын беріп отыр. Біз не үшін олар сілтеген орынды алуымыз керек? Соттың шешімі бойынша, қазір онда жұмыс істеп жатқан компания біздің орнымызды босатып беруі керек. Өйткені ол орынды біз Ұлттық банктің талабы бойынша дайындап, жасағанбыз. Ал ол дайын дүниеге қазір басқа компания иелік етіп отыр. Біздің талабымыз сол –бізге өз орнымызды қайтарып берсін. Ал ана компания Ұлттық банктің талабына сәйкес өз орнын жасап алсын. Соттың шешімінде де солай жазылған. Бірақ ол талап орындалмай тұр”, - деді кәсіпкер.

Ал «Сервис-АСТ» ЖШС адвокаты Алмагүл Муссина соттың шешіміне шекесінен қараған шетелдіктердің әрекетіне таңым бар дейді.

«Біздің компанияның ашып, жылдар бойы әбден жолға қойған кәсібін қазір ЖШС  өз атауымен істетіп жатыр.  Шетелдік инвестор- әуежайды басқаратын араб елінен келген басқарушы  Юсуф Альжафер мырза басшылығымен ҚР Жоғарғы сотының шешімі еленбей отыр. Олар соттың шешімімен ол нүктеде тұруына тыйым салынған компаниядан жалға алу ақысын қабылдап отыр. Заң аясында жазған талаптар мен келісімге келу ұсыныстарына бірде бір жауап бермей отыр. Біз инвестордың осы әрекеттерін ҚР Жоғарғы сотын, заңын сыламау, мемлекетіміздің беделіне деген қауіп деп білеміз»,-дейді «Сервис-АСТ» ЖШС адвокаты Алмагүл Муссина.

Баспасөз жиынына арнайы келген заңгер Мақсат Халық елімізде жұмыс істеп отырған әр инвестор ҚР заңын сыйлауға міндетті екенін айтады.

«Заңды білмеу- жауапкершіліктен босатылу деген сөз емес. Сырттан келген әр инвестор ҚР заңына бағынып, дәстүрі мен тіліне, өзіндік ерекшеліктеріне құрметпен қарауы керек! Жоғарғы сотты елемеу- елімізді сыйламау. Президент пен Бас прокуратурадан шетелдіктердің «тәртібін» жіті бақылауды, ережеге, заңға бағынуларын реттеуді сұраймыз»,-деді заңгер Мақсат Халық.

Осы сәтте өзге мемлекетке келіп, сол елдің заңын сыйламайтын шетелдіктерге қандай тоқтам бар? - деген заңды сұрақ туады. Кәсібіне алаңдаған кәсіпкерлерді де осы сұрақ мазалайды. Әзірге олардың қолынан келетіні  - Бас прокуратура мен Әділет министрлігіне хат жолдап, әділдікті талап ету. Ал әуежайды басқаратын араб елінен келген  Юсуф Альжафер мырза ол талапқа бағына ма, жоқ па, ол уақыттың еншісіндегі дүние....

Ұсынылатын