Тұрғындарды балағаттаған боғауыз әкімге қатаң сөгіс жарияланды
Тұрғындарды әлеуметтік желіде балағаттаған Щучье қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетовке «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
“ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Бурабай ауданы Щучинск қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетовтың «Instagram» әлеуметтік желісіндегі дөрекі сөзіне қатысты жарияланымдар анықталды.
Сонымен қатар, әкімнің іс-әрекеті қоғам тарапынан жағымсыз қоғамдық резонанс пен сынға алып келді.
Аталған деректі, сондай-ақ жарияланымдарда баяндалған мән-жайларды зерделеу нәтижелері бойынша а.ж. 8 тамызда Департаментпен мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 34-тармағына сәйкес Олжас Нұрмағамбетовке Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолдану үшін материалдар Бурабай ауданының әкіміне жолданды.
Бурабай ауданы әкімінің 2023 жылғы 8 тамыздағы өкімімен Олжас Нұрмағамбетовке «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолданылды.
Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы қажет екендігін хабарлаймыз”, - деп жазды Думан Әбілев.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желі арқылы есеп беру кезінде әкім тұрғындарға қарата ауыр сөз айтамын деп басы бәлеге қалған болатын. Шенеуніктің осы әрекетінен кейін оның үстінен қызметтік тексеріс жүргізілді. Uaqyt.info боғауыз әкім туралы бірнеше материал жазды.