- Басты жаңалықтар
- Спорт
- Ұлы дала жорығы: Көп күндік марафон бәйгеде биыл Ақмола облысының намысын қыздар қорғайды
Ұлы дала жорығы: Көп күндік марафон бәйгеде биыл Ақмола облысының намысын қыздар қорғайды
Елордада көп күндік марафон бәйге басталды. 1300 шақырым қашықтықты бағындыруға 19 команда жинақталған. Тіпті Ақмола облысынан бұл ат жарысқа қыздардан жасақталған құрама келіп отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қазақ жылқыларының төзімділігін көрсететін көп күндік бәйге марафон биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. ҚазАқпарат дерегіне сүйенспек, жорыққа ел өңірлерінен 19 команда жинақталды.
Биылғы додада көзге түскен қыздар командасы болды. Олар Ақмола облысының намысын қорғамақ.
«Биылдыққа бірінші рет жарысқа шығып отырмыз. Жалпы 5-6 жылдан бері түрлі ат жарыстарына қатысып келеміз. Қыздарға арналмаған спорт түрі деген – стереотип. Ат спорты ерлер немесе қыздар деп бөлінбейді. Мүмкіндік тең. Оның үстіне, жеңіске жету тек шабандозға байланысты емес, аттың дайындығы өте маңызды. Біздің командада 5 адам, оның 4-еуі - қыз, 1 ер адам», - деді команда мүшесі Лаура Пухбабай.
Айта кетейік, жарыс 2 аптаға созылады. Осы уақыт аралығында ат тізгіндеген шабандоздар Түркістан қаласындағы мәре сызығын өтуі тиіс.
Марафонның жүлде қоры – 65 миллион теңге. Оның 30 миллионы жеңімпаз командаға берілсе, екінші және үшінші орынға 20 және 15 миллион теңгеден үлестіріледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әлемде теңдесі жоқ көп күндік бәйгенің басталатынын жазған едік.