Saturday, 23 November,2024

Жедел жәрдем қызметкерін ұрған тұрғын жеңіл құтылған: Полиция қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді

Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр

Түркістан облысында қолына сырасын ұстап, жедел жәрдем қызметкерін соққыған жыққан тұрғын әрекетіне полиция пікір білдірді. Онда қылмыстық істің тоқтатылғаны айтылады, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Полиция дерегіне сүйенсек, оқиға Түркістан облысы Төле би ауданына қарасты Леңгір қаласында болған.

"Полиция қызметкерлері заңға қайшы әрекетті тоқтатты. "Volkswagen Passat" көлігінің жүргізушісі медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның "жеңіл дәрежелі" мас болғаны расталды. Бұзақылық әрекеттері мен дене жарақатын салу фактісі бойынша ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу барысында жедел жәрдем жүргізушісі ешқандай шағымы жоқ екені туралы қарсы арыз түсірді. 25 маусымда тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлігі және 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес тоқтатылды" - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Десе де ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Яғни ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (мас күйінде көлік басқару) мен ҚР ӘҚБтК 590-бабы 4-бөлігі (жалған нөмірі бар автокөлікті басқару) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа қойылыпты.

Ал бейнежазбадағы шақырту бойынша келген полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін болды.

Еске салайық, бұған дейін заңгер ішімдік ішкен жүргізушінің жедел жәрдем қызметкерін соққыға жығып, кейін оқиға орнына жеткен полицейге көзін қыса жөнімен кетіп қалды деп дабыл қаққан еді.

Ұсынылатын