Журналистке жыртық киім сатқан Шаһизада кешірім сұрады
Танымал әнші Шаһизада белгілі журналист Жазира Бегалыға жыртық көйлек сатамын деп басы дауға қалған болатын. Әнші көйлек дауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, көйлек жыртық емес, түрлі формадағы адамдар киіп көргеннен сөгіліп кеткен, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"Киімдердің бәрі өте сапалы, өзім киіп жүрген киімдер. Жақсы киім екенін айта аламын. Мына көйлек туралы "жыртық" деген айқай-шу боп жатыр екен. Күніне неше әйел киіп көреді. Толық та, арық та адамдар киеді. "Сізге тар болады" десең де, қарамай киіп көреді. Жазира ханымды жақсы танымайды екенмін. Мына 50 мың теңгенің көйлегін, 20 мың теңгеге алыпты. Бізде жеңілдікте тұрған, бір түйір қалған көйлектер. "Жыртық" деп, әлеуметтік желіге салыпты. Бұл ешқандай жыртық емес. Мына жері кішкентай сөгілген болар. Қараңыздар, әп-әдемі. 20 мың теңгеге не үшін түсіп тұр? 2-3 мың теңгеге жөндете салуға болады. Бұл киілмеген әдемі көйлек. Мен жыртық көйлек сататын ақымақ адам емес шығармын. Бүкіл Қазақстанға әйгілі адаммын ғой. Жыртық деген сөзге намыстандым. Жыртық ештеңесі жоқ. Кез келген киім сөгіледі. Өйткені, ол - шүберек. Бұл әдемі көйлек. Тек толықтау әйел кигенде, арты кішкене сөгілген. Соны жыртық деп әлемге жайып жіберген бе? Түсінем, контент керек. Біреулердің арқасында нан тауып, әлеуметтік желісін байытатын, пікір жинайтын сондай парақшаға түсіп қалған екенбіз. Кешірім сұраймыз. Мен кешірім сұрадым, сонда да ренжіп қалған көрінеді", – деді Шаһизада.
Uaqyt.info бұған дейін журналистің жыртық көйлекке қатысты пікірін берген болатын.