Серік Күдебаев 10 жылға сотталды
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Сот Серік Күдебаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол "Қаңтар оқиғасы" бойынша айыпталған. Яғни оған 2 бап бойынша айып тағылған еді. Қылмыстық кодекстің 362 бабы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) және 146 бап (Азаптаулар).
Еске салайық бұған дейін экс-полицейдің елден қашқаны жайында ақпар тарады. Ол кезде Күдебаевтың алдымен Қырғыстанмен шекарадан кедергісіз өтіп, кейін Өзбекстанға, одан әрі чартермен Солтүстік Кипрге қашып кетуі мүмкін екені айтылды. Артынша билік бұл жағдайды растап, оған халықаралық іздеу жариялаған.
Араға уақыт салып құзырлы орган оның Түркияда ұсталғанын, әрі елге экстрадицияланғанын айтты. Осы уақытта оның ұлы Арман Мырзақұлов әкесінің өз еркімен келгенін, арнайы ұстау операциясы жүргізілмегенін мәлімдеді.
Бұған да бас прокуратура жауап берді. Ақпаратта Күдебаевтың Түркияда тұрақтап қалғысы келгенін, сол елде тұруға өтініш бергені де жазылды.
Осылайша бүгін елге жеткізілген Серік Күдебаевқа сот үкімі шықты.